Жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлінді
Аралдан жырақта жатқан Тастүбек те тасада қалмады. Жылдар бойы күткен орталықтандырылған ауыз су желісі ауылға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тастүбектің тұрмысы талай жыл тауқымет тартты. Жазда жұрт жерасты құдығынан су ішсе, қыста қар ерітіп, күнелтті. Су – тіршіліктің өзегі екенін мұндағы ел жете түсінеді. Қазір сол күндер келмеске кетіп, қиындық артта қалды. Енді таза ауыз су әрбір үйдің табалдырығынан еркін еніп тұр. Бұл — жай ғана құбыр емес, елдің еңсесін тіктеген іргелі іс.
«Күнделікті тұтынатын таза су келіп, Тастүбек халқы қуанып жатырмыз! Суды құдықтан тасып ішетінбіз. Қазір автоматтандырылған кір жуу машинаны пайдалануға да көмегін тигізіп жатыр», – деді Тастүбек ауыл тұрғыны Мейрамкүл Әбсұлтанова.
Президент биыл елдімекенді ауыз сумен толық қамту жөнінде нақты міндет жүктеген. Сол міндет сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде іске асып отыр. Аймақта биыл тоғыз ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.
«Негізі 9 елдімекен бар тұрғын ауыз су жеткізілмеген. Олар да тірішілік нәрімен қамтамасыз етілді. Оның ішінде Арал ауданында жақында ғана Тоқабай, Ерімбетжанға елдімекенін ауыз суға қостық. Көптен күткен ашылу рәсімінде кездесіп отырмыз», – деді облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов.
Ауданға қарасты үш елдімекен жақында ғана орталық құбырға қосылса, тіршілік нәрінен тарыққан тағы бір ауыл таза суды тұтынуға көшті. Су бар жерде — тіршілік бар. Бұл жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлінді.
Айта кетейік, бұл қаражат заңсыз иемденген активтерді елге қайтару есебінен жұмсалып отыр.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Бағдаршам жоқ: Түркістан облысында 400-ден аса қауіпті учаске анықталды