Аяқкиімнің кеңдігі де денсаулыққа кесірін тигізеді
Аяқкиімді дұрыс таңдай алмаудың салдарынан оның зардабы да шаш-етектен асады. Аяқты қажап қана қоймай, қолайсыз, табаны жұқа не қатты болса да, тіпті аяқкиімнің кеңдігі де денсаулыққа кесірін тигізеді. «Аяқкиімің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда» демекші, мамандар қандай аяқкиім кию керек екенін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Он жылдан астам тәжірибесі бар маман, подолог Расадана Левковичтің айтуынша, аяқтың сау болуы үшін аяқкиім дұрыс болуы өте маңызды.
"Өкінішке қарай, аяқкиімнің дұрыс болмауы – күрделі мәселелердің басты себебі. Емделушінің көпшілігі осымен маған келіп жатады. Ең алдымен ұшы сүйір, тым тар, әсіресе биік өкшелі аяқкиімді кимеуге кеңес беремін. Қыз-келіншектердің күнделікті жүріп-тұруына биік өкшенің 5-6 см аспағаны жақсы. Табаны жұқа, теп-тегіс балетка немесе кеданың да қажеті жоқ. Аяқтың өлшемі сәйкес келмейтін, яғни тар да, кең де болмауы тиіс. Аяқты демалдырмайтын синтетикалық материалдан жасалған аяқкиім де зиян. Сондай аяқкиімнің қай-қайсысы табанның биомеханикасын бұзып, патологиялық өзгеріске ұшыратады. Тәжірибемде жиі кездесетін жағдай мыналар: тырнақтың етке кіріп өсуі, тырнақ пластинасының деформацияға ұшырауы, гиперкератоз, яғни табандағы терінің ойылып қатаюы, сүйелдің шығуы, табанның жарылуы, жүруге ауырсыну, бақайлардың өзгеріске ұшырап, балға тәріздес болуы.
Бұл жай ғана эстетика емес, өмір сапасына әсер ететін жағдай. Тәжірибемде мұндай дүние кездейсоқтық емес, керісінше заңдылыққа айналған. Мысалы, бір пациентім ұзақ уақыт бойы тар, биік өкшені тастамай киген. Салдарынан тырнағы етке кіріп өсіп, қабынып, созылмалы дертке айналды. Тырнағының қабынуын өзін бірнеше ай емдедік. Оған қоса, тырнағының қалыбын қалпына келтіру үшін түзету жүйесін орнаттық. Міне, осының бәрі – қыз-келіншектердің жайлы аяқкиім емес, әдемілігіне қарай таңдауынан. Сондықтан табан – бүкіл тірек-қимыл аппаратының негізі. Егер негіз бұзылса, бұл тізе, жамбас, омыртқаға әсер етеді. Сол себепті маман ретінде айтарым, аяқкиімнің әдемілігіне емес, әуелі физиологиялық тұрғысынан дұрыс болуын қараңыз. Аяқкиім жай ғана гардеробтың бір элементі емес, ол денсаулыққа салынған инвестиция, осыны ұмытпаңыз", – дейді подолог Расадана Левкович.
Дереккөз: Aikyn.kz.
Оқи отырыңыз: Банк шоты бұғатталған кезде не істеу керек