Референдумға дейін:
10
күн
5
сағат
10
минут

Қасқырға қой бақтырды: оңалту орталықтарының бірінде тәрбиешінің дөрекі әрекеті дау тудырды

Ата-аналардың сөзінше, орталықта балалармен жұмыс істеу тәсілі күмән тудырады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қасқырға қой бақтырды». Алматыдағы оңалту орталықтарының бірінде еңгезердей ер азаматтың алты жастағы ерекше қажеттілігі бар баланы қинап, күш көрсеткен бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Мүгедектігі бар жанды азаптаған азамат жеткіншектің мұғалімі болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тараған бейнежазбада ер адамның кішкентай баланың қолын қайырып, қылқындыра ұстап, үстінен төне түсіп, денесін күштеп еңкейткені анық байқалады. Жеткіншектің жанталасып босап шығуға тырысқаны, жылағаны таспаға түскен. Бірақ тәрбиешінің райынан қайтпай, қысымын үдете түсетіні анық көрінеді.

Қала тұрғыны Бақыт Қалымова ерекше күтімді қажет ететін алты жастағы ұлын қатарға қосамын деп талай жерге жүгінген. Баласының оңалғанын қалап, түрлі мекемеге апарып, мамандарға сенім артқан. Ол аталған түзету орталығына бір жыл бойы ай сайын 112 мың теңге төлеп келген. Өзге ата-аналардан жаттықтырушының баласына қол көтеретінін естігенде, төбе шашы тік тұрғанын айтады.

«23 ақпанда баламды сабақ басталғаннан, сабақ аяқталғанға дейін қинаған. Оның ішінде жатығу залында аяғынан шалып құлатып, әдейілеп жүріп-тұрып қайта құлатқан. Цифрларды дұрыс әкелмесе, аяғынан таяқпен ұрып отырды. Менің алдымда 6 ата-ана басқа орталыққа кетіп қалған», – деді баланың анасы Бақыт Қалымова.

Ата-аналардың сөзінше, орталықта балалармен жұмыс істеу тәсілі күмән тудырады. Дөрекі әрекеттер бірнеше рет қайталанған көрінеді. Кейбір жаттықтырушылар ата-ананың келісімінсіз балаларды тікелей эфирге шығарып, көпшілікке көрсеткені де айтылды. Бұған қоса, осы орталықтың Астанадағы филиалында да осындай өрескел жайттар тіркелгені жөнінде мәлімет бар.

«АІІБ-да жаныма келе берді. Мен сөйлеспей отырдым. Жаныма келіп «Мен сізді бір жыл бойы танимын, балаңызға 1 жыл бойы сабақ бердім, көп нәрсе үйреттім» деп қата-қайта айтады», –деді Бақыт Қалымова.

Қазір видео тараған жекеменшік мекеменің есігі тарс жабық. Журналистерді әдейілеп кіргізбей отыр. Ал басшылық өкілдері бірнеше ата-ананы ішке кіргізіп, есікті құлыптап алды. Белгілі болғандай, мұдай зұлымдық әрекеттері орталықтың бірнеше филиалында қайталанған. Қазір олар уақытша жұмысын тоқтатып отыр.

Орталық директоры балаларға жасалған қатыгездік жайлы білмейтінін айтып, бірден қызметкерді жұмыстан босатқанын мәлімдеді.

«Бұл кісі 3 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұндай әрекеттерін байқамадық. Бұрын-соңды оған ата-аналар шағым жасағанын естімедім. Ал оның видеодағы әрекеттері методикаға жатпайды. Мен оны қолдамаймын», – деді оңалту орталығының директоры Әлия Әлімбаева.

 Ал әкімдік өкілдері анықтағандай, аталған орталық балалармен түзету-оңалту жұмыстарын жүргізуге қажетті арнайы рұқсат құжаттарынсыз қызмет көрсеткен.

«Иә, бұл мекеменің балалармен жұмыс істеуге арналған арнайы лицензиясы жоқ. Тек санитарлық-эпиедмиологиялық бақылау пен төтенше жағдайлар департаментінен рұқсаттама алған. Бұл жағдай қала әкімдігінің ерекше бақылауында, барлық керекті шаралар қабылданды. Біз тергеп-тексерудің нәтижесін күтіп, әрекет етеміз», – деді Білім басқармасы балалардың құқығын қорғау орталығының директоры Зафар Аппазов.

«2 наурыз Алмалы ауданының арызы Алмалы ауданының Полиция басқармасына түсті. Кішкентай баланың анасынан. Қылмыстық кодекстің 140-бабының нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалы, тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Маманның өзінің іс әрекетіне құқықтық баға беріледі.  Содан кейін осы орталықтың меңгерушілеріне де, әкімшілігіне де міндетті түрде құқықтық баға беріледі», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ерекше қажеттілігі бар балаларын емдетемін, еңсесін тіктеймін деп сеніп тапсырған ата-аналар енді бұл іске қатысы барлардың барлығы заң алдында жауап берсе деп талап қойып отыр.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исбеков

Оқи отырыңыз: Щучинскідегі жойқын жарылыс: ауруханада тағы 2 адам қаза тапты

Новости партнеров