"Қазақстан балалары" тұжырымдамасы 1,3 трлн теңге көлемінде қаржыландырылады

Almaty.tv
Almaty.tv

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова тұжырымдаманы таныстырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

"Қазақстан балалары" тұжырымдамасы 1,3 трлн теңге көлемінде қаржыландырылады. Бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Президентіміздің Ұлттық құрылтай аясында берген тапсырмалары аясында балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған нақты шаралар қабылданып, олардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, Президент бастамасымен балалардың құқығын қорғау, білім беру сапасын арттыру, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қолдау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында айтарлықтай іргелі реформалар мен заңдар қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. ЮНИСЕФ аймақтық директоры Қазақстанда балалар құқықтарын қорғау саласында тек Орталық Азия аймағы елдері үшін ғана емес, сонымен бірге бірқатар Еуропалық елдер үшін де үлгі екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Оқу-ағарту министрлігі, Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл және салалық министрлер бірлесіп, 2026-2030 жылдарға арналған "Қазақстан балалары" тұжырымдамасын әзірледі", - деді министр.

Оның дерегінше, 2025 жылғы статистика бойынша елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Бұл жалпы халық санының 34 пайызы. Соңғы 10 жылда тұрақты демографиялық даму негізінде балалар саны 1,5 миллионға артқан.

"Мемлекетіміз қабылдаған жүйелі шаралар және қол жеткізілген нәтижелер «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасына негіз болды. Тұжырымдама балалардың құқығын қорғаудың бірізділігін және шаралардың тиімділігін арттырады. Балалардың негізгі құқықтарын қамтитын төрт бағыттан тұрады. Олар: балалардың қауіпсіздігі, білім, денсаулық, отбасыға және әлеуметтік қорғаудағы құқықтары", - деді ол.

Министрдің айтуынша, тиімділікті бағалау үшін 10 индикатор қарастырылған, нақты іске асыру үшін 158 іс-шара жоспарланған. Қаржыландырудың жалпы көлемі 1,3 трлн теңге.

"Қауіпсіздік" бағыты аясында қазіргі жағдайды ескере отырып, жұмыс жандандырылады. Ең алдымен, "Адал азамат" бағдарламасы аясында "Заң және тәртіп" принципін кеңейту көзделіп отыр. Бұл әрбір баланың өмірі, оқуы және дамуы үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді. "Таза Қазақстан" акциясы балаларды тәрбиелеудің идеологиялық платформасы ретінде негізге алынады. Бүгінгі күні елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, барлық мектепте қауіпсіздік сабақтары мен "111" байланыс орталықтары енгізілген, - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда балаларды шетелде емдеу қажеттілігі төмендеуде

Новости партнеров