Цифрлық күн тәртібі еліміздің барлық өңірлерін дамытудың ажырамас бөлігіне айналып келеді
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Шымкент қаласында «Индустрия 5.0: Өзара әрекеттесудің күші» тақырыбында өткен Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумында сөз сөйледі. Форумға ЕАЭО елдерінің үкіметтері басшылары, IT-индустрия өкілдері, халықаралық компаниялардың өкілдері, инвесторлар мен сарапшыларды қоса алғанда, 3 мыңнан астам делегат қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, форумның пленарлық отырысын ашқан Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жасанды интеллектіні дамытудың негізгі бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, институционалдық негіз қалыптастыру, цифрлық инфрақұрылым және адами капитал сынды мәселелерге басымдық берілді.
«Бүгінде Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект жаңа экономикалық модельдің негізіне айналатын кезеңге қадам басты. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, бұл саланың еліміз үшін айрықша маңыздылығын атап өтті. Биыл Қазақстанда ауқымды саяси реформалар мен жаңарулар жүзеге асырылуда. Еліміздің азаматтары жаңа Конституцияны қабылдады және онда алғаш рет конституциялық деңгейде цифрлық құқықтар бекітілді. Бұл саланың одан әрі дамуына елеулі серпін беріп қана қоймай, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын да көрсетеді. Цифрлық құқықтарды ең жоғары деңгейде бекіту біз үшін цифрлық трансформация тек технологияларды дамыту туралы ғана емес, сонымен қатар нақты құқықтық кепілдіктер, деректерді қорғау және сенім принциптері туралы екенін айқындайды. Осылайша, Қазақстан цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту үшін болжамды әрі тұрақты құқықтық орта қалыптастыруда», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Осылай деген Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет алдына таяудағы 3 жылда Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жөнінде анағұрлым өршіл міндет қойғанын атап өтті. БҰҰ-ның Электрондық үкіметтердің даму индексінде Қазақстан 193 мемлекет арасында 24-ші орында тұр. Бұдан басқа, Республика онлайн-қызметтер сапасы бойынша да 10 әлемдік көшбасшы елдің қатарына кіреді.
«Жаңа технологияларды енгізу жылдамдығы, экономикалық жүйенің икемді және жылдам бейімделу қабілеті елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бүгінде дәстүрге айналған Digital Qazaqstan форумы ерекше маңызға ие. Сегіз жылдан бері ол цифрлық трансформация саласының жетекші сарапшылары мен көшбасшыларының басын біріктіріп келеді. Әрі бүгінде нақты шешімдерді әзірлеу орталығына айналды. Биыл форум алғаш рет Шымкент қаласында өтуде. Бұл жай ғана жаңа орын емес. Бұл цифрлық күн тәртібінің Астана мен Алматы шегінен шығып, еліміздің барлық өңірлерін дамытудың ажырамас бөлігіне айналатынын растау», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Технологиялық трансформацияда Қазақстан сапалы және орнықты экономикалық өсуді ынталандыру мүмкіндіктерін көреді
Қазақстан Премьер-министрі технологиялық трансформацияның қазіргі әлемнің шындығы ретінде маңыздылығын атап өтті. Жасанды интеллект энергетика немесе көлік сияқты негізгі инфрақұрылымға айналуда. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі астрономиялық – $22 трлн-нан асады деп болжануда. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект экономикада өз орнын берік иеленіп отыр.
Бүгінде нақты сектор кәсіпорындарында цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Өндірістерде автономды арнайы техника, пилотсыз ұшу аппараттары, өнеркәсіптік роботтар жұмыс істеуде. Бұл бір мезгілде жұмыскерлер үшін жұмыс еңбек арттыруға, сондай-ақ экономикалық артықшылықтарға ие бола отырып, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы шешімдерді одан әрі кеңейту мен дамыту цифрлық инфрақұрылымның даму деңгейіне байланысты.
«Технологиялық трансформацияда Қазақстан сапалы және орнықты экономикалық өсуді ынталандыру мүмкіндіктерін көреді. Біз цифрландыруды жеке жобаларға бөлмейміз. Біз институттарды, инфрақұрылымды және адами капиталды дамыту арқылы тұтас экожүйе құрып жатырмыз. Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Қазақстанда, біріншіден, қажетті институционалдық база қалыптастырылды. Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылданды, олар қауіпсіздік пен инновацияларды ынталандыру арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. Президент жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмыс істейді, ол стратегиялық басымдықтарды айқындап, жетекші халықаралық сарапшыларды біріктіреді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Digital Qazaqstan 2026: Қазақстанның цифрлық индустриясының жетістіктері таныстырылды