Бұған дейінгі 12 ескірген ақпараттық жүйенің орнына 5 заманауи цифрлық платформа қолданысқа енгізілді
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа цифрлық архитектурасын енгізу, салықтық және кедендік әкімшілендіруді микросервистік модельге көшіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейінгі 12 ескірген ақпараттық жүйенің орнына 5 заманауи цифрлық платформа қолданысқа енгізілді. Бұл салық рәсімдерін жеңілдетуге, адал бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға және заң бұзушылықтарды бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді.
Осы жылдың басынан бері салық салудың оңайлатылған режиміне көшу бойынша 500 мыңға жуық өтініш өңделді, ал жаңа ақпараттық жүйелерде 800 мың өтініш қаралды. Цифрлық сервистер шамамен 1,7 млн азаматқа қызмет көрсетеді, күніне орта есеппен жүйеге 87 мыңнан астам салық төлеуші кіреді.
"Оңтайландырудың басты артықшылығы – салық құжаттарын жылдам өңдеу, онлайн төлемдер жүргізу, жүйенің қол жетімділігін арттыру және бір мезгілде кірген пайдаланушылар санын көбейту. Кәсіпкерлерді қолдау және олардың қателерін болдырмау үшін форматты-логикалық бақылау енгізілді. Биылдан бастап ҚҚС бойынша декларациялар автоматты түрде толтырылады, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін мәртебе e-Saluq Business мобильді қосымшасы арқылы беріледі", - деді Ержан Біржанов.
Жаңа цифрлық құралдар салықтық және кедендік әкімшілендіруден бөлек статистика қалыптастыру, азық-түлік және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын, ЖЖМ қажеттіліктерін бақылау, жәрдемақылар мен субсидияларды есептеу, құқық қорғау органдарының қызметі үшін де қолданылады. Big Data платформасы 74 дереккөзден мәлімет жинап, 2025 жылы 700 млрд теңгеден астам қосымша салық түсімін қамтамасыз етті.
Оқи отырыңыз: Шағын бизнес үшін өтпелі кезең: 2026 жылы төлемдегі қателік үшін айыппұл салынбайды