Қазақстанда жерасты суларын басқарудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр
Қазір мемлекеттік мониторинг желісінде шамамен 4 мың ұңғыма бар
Қазақстанда жерасты суларын басқарудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Қазір құжат мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұжырымдама жерасты су қорларын зерттеу және бағалау, ұңғымаларды бақылау, мониторинг жүргізу, сондай-ақ суармалы жерлердің мелиорациялық жағдайын бағалауды қамтиды.
Қазір мемлекеттік мониторинг желісінде шамамен 4 мың ұңғыма бар. 2040 жылға дейін қолданыстағы ұңғымаларды кезең-кезеңімен қалпына келтіру және қайта бұрғылау, сондай-ақ 1 мыңнан астам жаңа ұңғыма салу көзделген. Жерасты суларын, оның ішінде ауыз су көздерін бақылау мен қорғауға ерекше назар аударылмақ.
– Жерасты суының барлығы ауыз суға жарамды емес. Себебі қалыптасу жағдайына байланысты кейбір жерлерде оның минералдылығы жоғары болады. Бізде 44 800 жерасты су кен орны бекітілген. Оның жалпы қоры – 43 млн текше метр. Соның ішінде 21 млн текше метрі ауыз сумен қамтамасыз етуге бекітілген, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Жерасты сулары департаментінің директоры Жайық Ерікұлы.
Бұдан бөлек, алдағы үш жылда елімізде жерасты суларын іздеу және бағалау бойынша 88 жобаны іске асыру жоспарланған. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышевтің мәліметінше, жобалар өңірлердің даму ерекшелігін ескере отырып жүзеге асырылады. Жыл соңына дейін тағы 38 жобаны іске асыру көзделген.