Қазақстанда жұмыспен қамтылғандар саны 9,4 млн-нан асты
Еліміз бойынша жұмыс істейтіндер саны бір жылда 73 мың адамға өсті
2026 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады. Ал ел экономикасының түрлі саласында 9,4 миллионнан астам адам еңбек етті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бюро мәліметінше, аталған кезеңде елдегі жұмыс күшінің саны 9 миллион 849 мың адамға жеткен. Оның 9 миллион 403,4 мыңы жұмыспен қамтылған. Олардың 7,2 миллионы жалдамалы қызметкер болса, 2,1 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 73,3 мың адамға артқан. Өсім негізінен жалдамалы қызметкерлер есебінен қамтамасыз етілген.
Жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі сауда саласында жұмыс істейді. Бұл бағыттағы үлес 16,8%-ды құрады. Одан кейін білім беру (13,3%), өнеркәсіп (12,6%) және ауыл шаруашылығы (10,5%) салалары тұр.
Сонымен қатар 15–34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9% болды. Ал жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастардың үлесі 5,6%-ды құрады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2026 жылғы қыркүйек айының соңында 346,9 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Бұл жұмыс күшінің 3,5%-ына тең.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда бес жаңа балалар ауруханасы салынады