Қазақстандағы әскери реформа: сарапшылар пікірі қандай

Реформаның тағы бір маңызды жаңалығы – мерзімді әскери қызметтің жаңа үлгісі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда мерзімді әскери қызмет 2 кезеңге бөлінеді. Сарбаздар алғашқы 6 айда оқу орталықтарында даярлықтан өтіп, кейінгі 6 айда әскери бөлімдерде қызмет ететін болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстанда әскери реформаның ауылы алыс емес. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Аида Балаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа салаға енгізілетін өзгерістердің алдын ала жоспарының жобасын таныстырды. Құжатта қазақ әскерінде ұшқышсыз жүйелер күштері құрылатыны жазылған. Жаңа құрылымның қалай жасақталатыны туралы әскери сарапшы Амангелді Құрметұлының пікірін білген едім. Маманның пайымынша, ұшқышсыз жүйелер құрылымы жеке құрам ретінде құрылуы мүмкін. Өйткені, әлемде мұндай тәжірибе бар.

«Президент Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, арнаулы операциялар күші жасақталған. Сол сияқты, ұшқышсыз жүйелер құрылымы да жеке әскер күш болып жасақталуы мүмкін. Сол дұрыс. Ол жерде ірі дрондар, ірі техникалар болуы ықтимал. Ал енді жеке әскерлерге, бәлкім, алдағы уақытта күнделікті қолданатын қаруларының қатарына FPV-дрондарды, шағын антидрон жүйелерін беретін болса, нұр үстіне нұр болады. Сондай бағытты жөн көрер едім, әскерилердің арасында бұндай көзқарас бар», – деді әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы.

Реформаның тағы бір маңызды жаңалығы – мерзімді әскери қызметтің жаңа үлгісі. Оған сай, сарбаздар алғашқы 6 айда оқу орталықтарында даярлықтан өтіп, кейінгі 6 айда әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл кезеңде олар жаттығуларға қатысып, өз бөлімшелерінің құрамында тапсырмаларды орындауға машықтанады. Әскери сарапшы Дәулет Жұмабеков өзгерісті құптайды. Сөзінше, АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Финляндия сияқты елдердің армиясында мұндай тәжірибе бар.

«Көптеген ел осы жүйені қолданады. Тіпті мерзімді әскери қызмет қарастырылмаған мемлекеттердің өзінде әскерге жаңадан келген азаматтарды қысқа мерзімде даярлау қажет. Сондай-ақ мерзімді әскери қызметтің уақытын да қысқарту қажет. Яғни бір жыл емес, одан да қысқа мерзім белгілеу керек. Бұл қарқынды даярлықтан өткен азаматтар есебінен әскери резерв қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазір жұмылдыру резерві іс жүзінде жоқтың қасы», – деді әскери сарапшы Дәулет Жұмабеков.

Қазақ армиясына кешенді реформа қажет. Кеңесте Мемлекет басшысы бұл туралы баса айтты. Сондай-ақ әскери қызметтің қауіпсіздігіне мән беру керек екенін айтты. Елдегі өзгерістерді ескере отырып, саланы реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеп, оны Қауіпсіздік кеңесіне ұсынуды тапсырды.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: Декларациядан тәуелсіздікке дейін: Алматыда Қазақстанның тарихи даму жолы талқыланды