Тұрғындардың айтуынша, жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беру төл ұғымдарды жандандыруға көмектеседі
«Кез келген шешімнің тез қабылдануы үшін еліміздің бір палаталы жүйеге көшкені дұрыс». Бүгін қазақстандықтар осындай пікір айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көпшілік бұл өзгеріс Парламентті ашық әрі қарапайым ете түспек. Сондай-ақ олар Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалар ел дамуына, Қазақстанның саяси беделін арттыруына жағдай жасайды деп сенеді. Жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беру төл ұғымдарды жандандыруға көмектесіп, ұлттық құндылықтарды жаңаша пайымдауға жол ашатынын жеткізді.
«Парламенттің күші көбейсе, депутаттарда «мен осы жерге халықтың атынан келдім, елдің мұң-мұқтажын сөйлеуім керек» деген ұстаным басым болады. Қазақи ұғымды қалыптастыра отырып, мемлекет құрғанымыз дұрыс деп ойлаймын. Құрылтай бастамасы деп сенемін», – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Талғат Талқанбаев.
Еске салсақ, маңызды жиында ел Президенті жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынды. Көпшілік бұл шешімді де қолдап отыр. Олардың айтуынша, қоғамдық келісімді нығайтуда аталмыш органның атқарары көп. Ең бастысы, жұртшылық жаңа құрылымдарда адам санының қанша болатынына көп тоқталудың қажеті жоқ деп біледі, себебі істің сапасы көңіл көншітсе, жеткілікті.
«Адамның санында емес, мәселе сапада. 20, 50 адам да бір керемет өзгеріс енгізіп, шешімді шығара алатын нақтылық болса, жұмыс жүреді. Парламентте отырған кісілер өзгерістердің халыққа қайсысы қажет екенін көбірек біледі. Оны біз уақыт өте түсініп жатамыз.», – деді қала тұрғыны Гүлнұр Серікқызы.
Оқи отырыңыз: Смағұл Елубай: Құрылтай – мағынасы тым терең, салмақты сөз