Қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 150 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін
Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 90 теңге болып, 2014 жылы белгіленген
Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Жаңа тарифті желтоқсанның ортасынан бастап енгізу ұсынылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Астанада қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 90 теңге болып, 2014 жылы белгіленген. Содан бері 12 жыл ішінде тариф небәрі бір рет қайта қаралып, бүгінде 110 теңге болып тұр. Сонымен қатар 2014 жылдан бері тасымалдаушылардың негізгі шығындары да едәуір өсті. Атап айтқанда, жанармай, қосалқы бөлшектер мен жаңа автобустардың құн, сондай-ақ жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығын көбейген. Мәселен, 2014 жылы дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңге болса, қазір 329 теңгеге жетті. Осылайша, аталған кезеңде дизель отынының бағасы үш еседен астам өскен.
Жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығын да айтарлықтай артты. 2014 жылы олардың орташа жалақысы шамамен 100-150 мың теңге болса, қазір автобус класы мен жұмыс режиміне қарай 700 мың теңгеден басталады.
Осы кезеңде қосалқы бөлшектердің, дөңгелектері мен аккумуляторлардың бағасы, автобустарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу шығындары, сондай-ақ жаңа көлік сатып алу құны да қымбаттады.
Пайдалану шығындары айтарлықтай артқанына қарамастан, елордада қоғамдық көлік паркін жаңарту және дамыту жұмысы жүйелі түрде жүріп жатыр. Соңғы үш жылда тасымалдаушылар қауіпсіздік, жайлылық және экологиялық талаптарына сай келетін 1127 жаңа көлік сатып алды.
Пайдалану шығындарының артуын, автобустардың үздіксіз қатынауын қамтамасыз ету, көлік паркін жаңарту және маршрут желісін дамыту қажеттігін ескере отырып, желтоқсан айының ортасынан бастап жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 150 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр.
Оқи отырыңыз: Отбасының цифрлық картасы: әл-ауқатты бағалау кезінде не ескеріледі