Қоқыстан тапқан сұйықтықты ішкен петропавлдықтар уланып қалды

Петропавлдаолардың  екеуі қаза тауып, біреуі ауыр халде аурухана жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлда белгісіз сұйықтық ішкен екі ер адам көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, олар сұйықтық құйылған бөтелкені қоқыс контейнерінен тауып алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олармен бірге отырған тағы бір ер адам жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін күресіп жатыр. Бөтелкеде нақты қандай сұйықтық болғаны және өлімге не себеп екені сараптамадан кейін анықталады. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Ер адамдар көпбейінді қалалық ауруханаға шамамен бір сағат аралықпен түскен. Үшеуі де өзін жайсыз сезініп, құсып, ентіккен. Сондай-ақ әлсіздік пен айналасын бағдарлай алмау белгілері байқалған. Бірінші науқас ауруханаға түскеннен кейінгі алғашқы тәулікте қайтыс болды. Екінші ер адам үшінші тәулікте көз жұмды. Қазір үшінші науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр», – деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.

«Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар қоқыс контейнерінен тауып алған бөтелкедегі сұйықтықты ішкен. Полиция аталған сұйықтықты алып, сараптамаға жіберді. Сараптама нәтижесі шығып, оқиғаның мән-жайы анықталғаннан кейін тиісті процестік шешім қабылданады», – деді № 2 полиция бөлімінің бастығы Жанболат Махатов.

Оқи отырыңыз: Шымкентте газға уланған бес адамның екеуі көз жұмды