Биыл облыс орталығының аумағына жауған қар көлемі былтырғыдан екі есе көп
Қостанай облысы тасқын су құрсауында қалуы мүмкін. Биыл облыс орталығының аумағына жауған қар көлемі былтырғыдан екі есе көп, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қостанайлықтар үшін биылғы қыс ерекше қарлы болды. Маусым басынан бері қаладан 200 мың текше метрден астам ақ ұлпа шығарылған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Дегенмен тұрғындардың басты уайымы – көктемгі су тасқыны. Олардың айтуынша, еріген қарғын су жайлағанда көшелер мен аулаларды шайып, қаладағы қозғалысты тежейді.
«Соңғы уақытта ауа райы құбылып, қар өте көп жауды», – дейді тұрғын.
«Биыл қар расында қалың. Қарасу, Сарыкөл жақтағы елдімекендерге қиын болуы мүмкін. Бірақ қорғаныс шаралары қалай жүріп жатқанын білмейміз», – деді тұрғын.
Айта кетейік, қала аумағындағы қар төгілетін полигондардың бірінде жұмыс уақытша тоқтатылды. Өйткені бұған дейін кәсіпкерлер бұл аймақты қауіпті деп танып, дабыл қаққан.
«Бұл жер – су ағатын табиғи арна. Қазір оны тазалап, су өткізу жүйесін реттеп жатырмыз. Қажетті құбырлар төселеді, уәде етілген жұмыстар толық орындалады. Ендігіде бір мәселе – 2004 жылы осы арнаның үстінен қойма салуға қалай рұқсат берілгені түсініксіз», – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Өткен жылы қала билігі арналарды кеңейтіп, тереңдету үшін бау-бақша телімдерінің бірін сатып алған. Жаңа су өткізгіштер орнату жұмыстары да жүргізілген. Соған қарамастан, қауіп толық сейілген жоқ.
«Тобылдағы су деңгейі көпжылдық қалыпты межеден аса қоймайды деген болжам бар. Алайда күн күрт жылып, қар тез еріп, жаңбыр қосылса, жағдай күрделенуі ықтимал. Тасқынның қалай өрбитіні наурыз бен сәуір айларындағы ауа райына байланысты белгілі болады», – деді «Қазгидромет» РМК филиалының директоры Адель Ахметов.
Қауіптің алдын алу үшін қала әкімі су жүйелерін күтіп-ұстауға жауапты мекеме жанынан арнайы бөлім құруды тапсырды. Бұл құрылым арықтар мен су ағатын арналарының жағдайын тұрақты бақылауда ұстамақ.
Әйкерім Пернебек, Елисея Томашевская, Қостанай
Оқи отырыңыз: Су тасқыны бойынша нақты болжам 1 наурызда дайын болады — вице-министр