Қостанайда дәрігерді ұрған ер адам бостандыққа шықты: жәбірленуші сот шешіміне наразы

Сотта 34 жастағы азаматтың кәмелетке толмаған 3 баласы бары ескерілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қостанайда дәрігерді ұрып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығарған ер адам түзету колониясында жазасын өтеп шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Абылай Саринжепов сот үкіміне сәйкес 6 ай қамауда болып, бостандыққа жіберілген.

Ал дәрігер Антон Кистанов өзін соққыға жыққан азаматтың қатаң жазаланғанын қалайтынын айтып, апелляциялық шағым түсірген. Алайда сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.  

«Бұл адам бүгін босатылады, ал мен ауруханада әлі күнге дейін емделіп жатырмын, жұмысыма қашан оралатыным белгісіз. Мен Қазақстан халқына қызмет етіп, адамдарға көмектесемін. Ал ол бостандықта жүреді. Мұнымен келіспеймін», - деді жәбірленуші Антон Кистанов.

Шешім 10 қазан айында шыққан. Сотта 34 жастағы азаматтың кәмелетке толмаған 3 баласы бары ескеріліп, түзету колониясындағы бір күні екі күн болып есептелген.

Еске сала кетейік, аталған жағдай биыл шілде айында Қостанай облыстық ауруханасының қабылдау бөлімінде болған. Урология бөлімінің хирургі Антон Кистанов күрделі операцияны аяқтағаннан кейін қабылдау бөліміне түсіп, жұмысын жалғастырмақ болған. Сол сәтте кезекте тұрған науқастардың бірі кенеттен ашуға бой алдырып, еш себепсіз дәрігерге соққы жасаған. Салдарынан ақ халатты есінен танып қалған.  

«Сотта азаматтың кішкентай балалары бары ескерілді. Ауырлататын жағдайлар жоқ болғандықтан, сот 55-бап талабын орындауға міндетті. Бұл іс бойынша максималды жаза — бір жыл бас бостандығынан айыру. Сәйкесінше, айыпталушы толық жазасын өтеп шықты», - деді судья Құралай Екішева.

Оқи отырыңыз: Жәбірленушілердің шығыны өтеледі: Алматыда қаржы пирамидасы бойынша үкім шықты

Новости партнеров