Ақпанда Алматы спортшылары ең үлкен халықаралық қысқы Олимпиада ойындарына аттанады. Әлемдегі ең басты спорттық додалардың біріне 3 аптадай уақыт қалды. Италияда өтетін жарыста еліміздің намысын кімдер қорғайды? Олардың дайындықтары қалай?
Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы қалалық спорт басқармасына қарасты Жоғары спорттық шеберлік мектебінің әдіскері Гүлсім Өмірбек жауап береді.
– Гүлсім Оразғалиқызы алдағы қысқы олимпиада ойындарына Алматыдан қанша спортшы барады? Олар қай спорт түрі бойынша бақ сынамақ?
«Қазіргі уақытта Олимпиада ойындарына ресми түрде лицензия иеленген екі спортшы бар. Евгений Кошкин – конькимен жүгіру, Михаил Шайдоров – мәнерлеп сырғанау бөлімінің спортшысы.
– Додаға қатысатын команда толық жасақталды ма? Егер жасақталса, олардың дайындықтары қалай?
«Алматы қаласының спортшылары Олимпиада ойындарына дайындықтың соңғы кезеңіне шықты және біз олардың алдағы Қысқы олимпиада ойындарына толықтай дайын болады деп үміттенеміз».
– Спортшылар арасында олимпиада ойындарына алғаш рет қатысайын деп жатқан жастар бар ма? Қатысушылардың жас ерекшелігі қандай?
«Қысқы олимпиада ойындарына қатысатын және үміткер спортшылардың көбі жас. Алдағы Олимпиада олардың көпшілігі үшін алғашқысы болады. Спортшылардың жасы 18–23 жас аралығында».
– Ал бұл спортшылардың дайындығы қалай? Олар қай жерде жаттығып жатыр?
«Қазіргі уақытта олимпиадашылар дайындықтың соңғы кезеңінде. Евгений Кошкин конькимен жүгіру бойынша Еуропада оқу-жаттығу жиындарында жүр. Ростислав Хохлов пен Александра Скороходова тау шаңғысы бойынша FIS жарыстарына қатысуда. Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанау бойынша Төрт құрлық чемпионатына дайындалуда. Ал Илья Мизерных пен Данил Васильев Алматыда «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешенінің базасында жаттығып жатыр».
Оқи отырыңыз: American Space & Makerspace: АҚШ-та білім алғысы келетін түлектер қай жерден кеңес ала алады