Сыр өңірінде халық саны 845 мың адам болса, оның 447 мыңы, яғни 53 пайызы ауылда тұрады
Қызылорда облысында тағы бір шалғай ауылға табиғи газ берілді. Автоматтандырылған газ тарату станциясы Арал ауданының Қамыстыбас елдімекенінде іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұмағұловтар отбасы алғашқылардың бірі болып үйіне газ құбырын жүргізген. Отыз жылдан бері шаңырақтың түтінін түтетіп отырған келіні Жанар табиғи газдың игілігін көргеніне риза. Қыстай от жағатын олар «енді мұндай машақаттан құтылдық» деп қуанышын жасырмады.
«Ерте тұрып, от жағамыз. Күл шығарып, ағаш жарамыз. Оның да өзі қызық, бір жағынан бейнеті болды. Қазіргі заманға сай көгілдір отын келіп жатыр», – деді Қамыстыбас ауылының тұрғыны Жанар Жұмағұлова.
Қамыстыбас ауылы аудан орталығынан 90 шақырым. Төрт жүзге тарта шаңырақтың, жүзден астамы теміржолдың қыр беткейінде орналасқан. Жаңа жыл қарсаңында теміржолдың оң жағында қоныс тепкен тұрғын үйлер, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарға газ берілді. Газдандыру жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Бірінші кезекте ауыл түгелдей газ желісіне қосылады. Одан соң Сыр беткейдегі елдімекендер кезең кезеңімен көгілдір отынның игілігін көреді. Көптің қуанышына ортақтасқан облыс әкімі мен құқық қорғау органдарының басшылары тұрғындардың талап тілегін тыңдады.
«Ипотекаға салынған жаңа үйлердің маңында жолға асфальт төсеу керек. Электр жарықы жоқ, үйдің сапасын да айтып жатырмын. Жауапты азаматтар мәселені қарастыратынын айтты», – деді Арал қаласының тұрғыны Марат Баекешов.¤
Қоғамдық қабылдауда тұрғындар су ұңғымасын қазу, тұрғын үйлердің сапасы мен жұмыссыздық секілді мәселелерді көтерді.
Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысы
Оқи отырыңыз: Алматы облысында екі өрт сөндіру пункті ашылды