Қасым-Жомарт Тоқаев қастерлі Түркістан жеріне арнайы келгенін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін еліміздің рухани астанасы Түркістанға барды. Шырайлы шаһарға ат басын бұрған Президент сапарын тағзым етуден бастады. Күллі түркі дүниесіне ортақ рухани ұстаз Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне келіп, рухына құран бағыштаған ол кейіннен «Білім – инновация» лицей-интернатында болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жыл басында қолданысқа берілген жаңа білім ордасында бүгінде 500-ден аса оқушы оқиды. Президент мұндағы оқу және үйірме кабинеттерін аралап көрген. Оқушылармен әңгімелесіп те, аз-кем аялдады.
«2023 жылы Бішкек қаласында өткен пауэрлифтингтен әлем чемпионатында чемпион атандым. Менің мақсатым халықаралық жарыстарда еліміздің атын әлемге таныту. Менен де басқа балалардың өз ойларына жетуіне шабыттандыру», - деді «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Ділмұрат Ташболатов.
Президент Түркістандағы мұз сарайына да қонақ болып барды. Заманауи үлгіде жабдықталған жаңа кешенде жеткіншектер үшін бар жағдай жасалған. Мұнда шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сынды қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаев осы аталған спорт нысанын аралап көріп, балалардың өнерін де тамашалады. Жергілікті тұрғындармен жүздескен Мемлекет басшысы олардың талап-тілегін тыңдады.
«Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Бүгінде Түркістан облысында 50 ұлт өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Туристік аймақта қонақүй салғандарға шығынның 10 пайызы төленеді