Игі бастаманы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қалалық департаменті мен еріктілер қолдады
Алматыда донорлықтың маңызын дәріптеуге бағытталған «Қан тапсырып, өмір сыйла» атты акция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Игі бастамаға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қалалық департаменті мен еріктілер белсене қатысты. Іс-шара аясында жиырмаға жуық мемлекеттік қызметші қан тапсырып, өмірге араша болатын донор ретінде өз үлестерін қосты.
Айта кетейік, қалалық қан орталығы бүгінде қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 26 медициналық мекемені, жекеменшік клиникаларды, сондай-ақ Алматы мен Алматы облысындағы әскери құрылымдарды қанмен қамтып отыр.
«Қан тапсыру акциясының негізгі мақсаты – халыққа көмектесу. Әр тапсырған қан бір адамның өмірін құтқаруы мүмкін. Осындай акцияларды кеміне жылына бір рет ұйымдастырып тұруға тырысамыз. Алматы қаласының тұрғындарын қан тапсыру акциясына қатысуға шақырамыз», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қалалық департаменті басшысының м.а. Нұржан Болатбекұлы.
Айта кетейік, Алматы қалалық қан орталығының дерегінше, күн сайын жүзге жуық қала тұрғыны донор ретінде келеді. Ал жыл сайын орта есеппен 20 мыңнан астам адам игілікті іске атсалысады. Қан тапсыру үрдісі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен донор арнайы сауалнама толтырып, өзінің жалпы жағдайы жайлы мәлімет береді. Одан кейін қан талдауы жүргізіліп, топтық көрсеткіштері, резус-факторы, гемоглобин деңгейі анықталады. Дәрігер қысымды өлшеп, денсаулық жағдайына баға берген соң ғана донорлыққа рұқсат беріледі. Барлық рәсім шамамен 40-45 минутты құраса, қан алу процесінің өзі 10-15 минуттан аспайды.
«Көп жағдайда тек қана қан құю адам өмірін сақтап қалады. Ал енді ғылым қанша дамып кетсе де, жасанды қанды ешкім ойлап тапқан жоқ. Сондықтан көп жағдайда адамдар, донорлар өткізген қан адам өмірі үшін маңызды. Ол хирургияда, перзентханада қан кету кезінде, қан ауыруымен ауырған ауырулар емделетін гемотологияда пайдаланады. Алматыда қайырымды адамдар көп тұрады», – деді Алматы қалалық қан орталығының бөлімше меңгерушісі Нұрдәулет Әбдіқадыров.
Оқи отырыңыз: Келешек мектептері: Алматыда екі оқу ордасы халық игілігіне берілді