Қостанай тұрғындары қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесін өзгертуге қарсылық танытты

Әкімдік қоғамдық көліктердің жүру уақыты азаматтар автобусқа аз мінетін кездерде ғана ұзартылатынын айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қоғамдық көліктердің қозғалыс кестесі өзгерсе, жағдайымыз қиындайды». Бұл – Қостанай жұртының үрейі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қоғамдық көліктің қозғалыс кестесін өзгертуге алдымен жүргізушілер қарсылық танытып, дабыл қақты. Олар қысқарту болып, жұмыссыз қалудан қорқады. Ал жергілікті тұрғындар қарлы-боранды күндері аялдамада автобусты ұзақ күтіп қаламыз деп наразылық білдіріп отыр.

БЛИЦ:

«Интервалды ұзартса, қоғамдық көлікте не болатынын елестетудің өзі қорқынышты. Мен қарсымын».

«Жұрт автобустарға сыймай қалады ғой. Менің ойымша, дұрыс емес».

«30 минут күткіміз келмейді. Қазір қалай жүріп жатыр, солай қалсын».

Әзірге тек 14 маршруттың қозғалысына өзгеріс енгізіледі. Әкімдік қоғамдық көліктердің жүру уақыты азаматтар автобусқа аз мінетін кездерде ғана ұзартылатынын айтты.

«Біз мониторинг жүргіздік. Дәл осы бағыттағы 2-3 автобус соңғы аялдамаларда бос болады немесе жүру уақытын күтіп тұрады. Таңертеңгі және кешкі жүктеменің де айырмашылығы бар. Ал кей уақыттарда қоғамдық көліктер жартылай бос жүреді», – деді ТҮКШ бөлімі жолаушылар тасымалы секторының Меңгерушісі Нұрдәулет Бейсенов.

Әкімдік өкілдерінің есептеуінше, мұндай бастама бюджет қаражатынан 900 миллион теңгедей үнемдеуге сеп болады. Өйткені жолаушы тасымалын субсидиялау жыл санап қымбаттап барады.

 «Алдымен солай жүріп көрейік, одан соң шешім шығарамыз. Талқылауға қатыстық. Тасымалдаушылардың да пікірі әртүрлі», – деді Қостанай облысы Тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Юрий Панасенко.

Бірақ қала тұрғындарын бұл өзгеріс қуантпады. Айтуларынша, кей көліктердің жүру интервалы онсыз да ұзақ. Ал жергілікті билік азаматтарға жаңа кесте қолайсыз болса, қайта қарастыратындарын айтып, уәде етті.

Гүлмарал Изатқызы, Елисея Томашевская, Қостанай

Оқи отырыңыз: Қан тапсырып, өмір сыйла: Алматыда мемлекеттік қызметкерлер акцияға қатысты

Новости партнеров