Каспий жағалауындағы курорттық қала қалай салынбақ

Қазірдің өзінде жағалауда 20-ға жуық демалыс орны жұмыс істеп тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Туризм әлеуеті артуы үшін Каспий теңізінің жағалауында «Кендірлі» деп аталатын курорттық қала салынбақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 40 мың адамға арналған жаңа шаһардың бас жоспары дайын. Сондай-ақ туристік аймақты ауыз сумен қамтамасыз ететін, тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытатын зауыттың құрылысы басталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Кендірлі қаласы Жаңаөзеннен 65 шақырымдық жерде орналасқан. Болашақта мұнда 40 мың адамға арналған қала және курорттық аймақ пайда болады. Қазір бас жоспары дайын. Әуежайдың орны белгіленіп, Жаңаөзен Кендірлі Түрікменстан тасжолын қайта құрылымдауға шешім де қабылданып үлгерді. Жаңа қала 4 мың гектар аумақта орналаспақ. Қазірдің өзінде жағалауда 20-ға жуық демалыс орны жұмыс істеп тұр. Бас жоспарға сәйкес, енді мұнда 4 және 5 жұлдызды қонақүйлер, шипажайлар, сауықтыру лагерьлері мен аквапарктер, айлақтар және балық шаруашылықтары салынбақ. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі спорттық стадион, мәдени кешендер, тұрғын үйлер бой көтереді.

«Жалпы Кендірлі теңіз жағасындағы туристік аймағында салынатын барлық инвестициялық және өзге де жобалардың құнын анықтау үшін биыл туристік аймақтың егжей-тегжейлі жоспары дайындалып жатыр. Бізге берілген тапсырма 2025 жылдың бірінші тоқсанына дейін. Біз мұны келер жылы емес, жыл соңына дейін аяқтау керек деп жоспарлап отырмыз», - деді Кендірлі ауылының әкімі Мекен Үйсенов.

Жаңаөзен мен Кендірлі қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Каспий теңізінің Тоқмақ мүйісінде тәулігіне 50 мың текше метр су өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Жобаны 4 ірі компаниядан құралған консорциум жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ өңірде су тұщыту цехымен қатар 14 қосалқы ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Зауыт Президенттің 2021 жылғы Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатыр.

«Біздің кестеге сәйкес, осы жылдың аяғына дейін барлық құрылыс-монтаж аяқталады және келер жылдың 2025 жылдың мамыр айының аяғына дейін қосу-реттеу, келер жылдың мамырына дейін жүргіземіз», - деді жобаға тапсырыс беруші компанияның өкілі Орақ Аяпов.

Жаңа салынатын әуежайдың орны қаладан 14 шақырым жерде орналасқан. Құзырлы органдар жобаның техникалық шарттарын талқылап жатыр. Сондай-ақ Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан тасжолы жаңартылып, жол бойында сервистік қызметтер артпақ.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: Туристік аймақта қонақүй салғандарға шығынның 10 пайызы төленеді

Новости партнеров