Комитет мәліметінше, мұндай жағдайлар жұмысшылардың шағымдары немесе жоспарлы тексерістер кезінде ғана анықталады
Қазақстандық жұмыс берушілер қызметкерлеріне 873 миллион теңге қарыз. Бұл – жалақы мен зейнетақы аударымдары бойынша жиналған берешек. Ақпаратты арнайы брифингте Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қарыздың ең көбі Алматы, Атырау және Жамбыл облыстарында тіркеліпті. Комитет мәліметінше, мұндай жағдайлар жұмысшылардың шағымдары немесе жоспарлы тексерістер кезінде ғана анықталады. Жағдай расталса, уәкілетті органдармен бірге арнайы тексеріс жүргізіледі. Оған прокуратура да қатысады. Ал берешек 3 айдан асса, заң аясында мәжбүрлеп өндіру шарасы қолданылмақ. Комитет «бұл – шаралар қызметкерлердің құқығын қорғауға арналған нақты қадам» дейді
«Кәсіпорындарды тексеру кезінде прокуратура органдары да қатысады. Қарызды өндіріп алудың тетіктері бар, ол сотқа жүгіну арқылы жүзеге асырылады. Егер кәсіпорынның жалақы бойынша берешегі 3 айдан асса, онда мемлекеттік еңбек инспекторлары істі жеке сот орындаушылары арқылы мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жолдайды. Дегенмен көп жағдайда мемлекеттік еңбек инспекциясы тиісті ұйғарым шығарғаннан кейін, жұмыс берушілер оны өз еркімен орындайды», – деді Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатин
2025 жылдың алғашқы алты айында елімізде 250 мың адам жұмысқа орналасқан. Бұл – жылдық жоспардың 55 пайызы орындалғанын білдіреді. Оның 134 мыңы тұрақты жұмыс тауыпты. Жыл соңына дейін өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында тағы 480 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметовтың айтуынша, енді жұмысқа орналасқандарды есепке алу тәртібі өзгереді. Бұдан былай міндетті зейнетақы жарналары аударылатын азаматтар ғана жұмыспен қамтылғандар қатарына қосылмақ.
«Азаматтарды жұмысқа орналастыру бағытына тоқталар болсақ, 4,6 мың адам мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары шеңберінде, 66 мыңнан астам адам жұмыс берушілер электрондық еңбек биржасына орналастырған бос жұмыс орындарына, 63 мың адам Мемлекет басшысының «10 мың адамға шаққанда 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында, 116 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде жұмысқа орналасқан», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.
Оқи отырыңыз: Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы өседі