Банк өкілдері аталған мәселенің бар екенін растады
Маңғыстаудағы Күзет қызметі басқармасының полиция қызметкерлері жалдамалы пәтерге арналған мемлекеттік жәрдемақыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, жалдамалы пәтерге арналған мемлекеттік жәрдемақы 11 желтоқсан күні Отбасы банктегі арнайы есепшотқа түскен. Сол күні жәрдемақы алушылар банк қосымшасы арқылы пәтер иесіне аударым жасауға өтініш берген. Алайда төлем өтініштері әлі күнге дейін қарастырылмай отыр. Салдарынан жәрдемақы алушылар пәтер иелеріне төлемді «ертең аударамыз» деп уәде беруге мәжбүр. Мәселе төлемдерді қосымша арқылы жүргізу басталғалы пайда болған. Бұған дейін банк бөлімшесінде оператор арқылы төлем жасағанда мұндай мәселе болмаған.
«Мемлекет көмек беріп жатыр. Енді үйді жалдаған пәтер иесіне беруіміз керек. Ол кісілер жақсы 1 ай түсінеді, 2 түсінеді. Біз қашанғы көшіп қонып жүреміз. Көшіп қонатын болсақ құжатты өзгертуіміз керек болады. Құжатты өзгерту үшін тағы да шығын. Оған 40-50 мың теңге кетеді», – деді ҚР ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция қызметкері Бақберген Сағынов.
«Бізге пәтер ақы аударды, алайда оны банктен шеше алмай жатырмыз. Менеджерлерді пайдаланайық десек, алатын ақша 500 мың теңгеден асу керек. Ондай ақша көбімізде жоқ. Әрі кетсе 10 адам шешетін шығар. Ал 150-200 мың теңге. 11 желтоқсанда аудардық, ол әлі түскен жоқ. Не себепті 3 жұмыс күнін күтуіміз керек. Жалға алған пәтер иесі үйді босатуды сұрап отыр», – деді ҚР ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының полиция қызметкері Сұлтанбек Шанбаев.
Банк өкілдері аталған мәселенің бар екенін растады. Олардың айтуынша, жәрдемақы алушылардың әрқайсысының өтініші жеке-жеке қаралады. Соның салдарынан төлемдерді өңдеу кешіктірілген. Дегенмен банк мамандары бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал төлемді арнайы қосымша арқылы жүзеге асыру жәрдемақы алушыларға қолайлы болу үшін енгізілген.
«Заң өзгеруіне байланысты, келісімшарттың бәрін тексерді. 11 желтоқсанда жібергендер үшінші жұмыс күні, бүгін кешкеге дейін ақшаны жіберу керек. Ол енді тексеретін құжат көп, адамдар жұмыс істеп отыр, техинка қолданылмайды. Бәрі дұрыс болса, үш жұмыс күн ішінде аударады», – деді «Отбасы банк» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының бөлім басшысы Мақсат Ұзақбаев.
Қазіргі таңда құзырлы орган өкілдеріне күтуден басқа амал жоқ. Банк мамандарының айтуынша, алдағы күндері төлемдер толық жүзеге асырылады. Алайда нақты қай күні екенін дөп басып айта алмады.
Оқи отырыңыз: Қонаевта жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі енгізілді