Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет әкімшілік рақымшылық енгізілуі мүмкін екенін айтқан болатын
Қазақстандықтардың айыппұлдары жаппай және ішінара кешірілмек. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрі мәлімдеді. Ал аталған бастаманы іске асыру тетіктерін нақтылауға Үкімет басшысы екі апта уақыт берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел тарихындағы алғашқы әкімшілік амнистия аясында қазақстандықтардың айыппұлдары кешірілуі мүмкін. Бүгінгі Үкімет отырысында азаматтардың төленбей қалған берешектерін есептен шығару тетігі қаралып жатқаны айтылды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің сөзінше, бұл жаңашылдық мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық жасаған азаматтарға қолданылады. Алдағы уақытта амнистияға ілінетін құқықбұзушылық түрлері, кешірілетін айыппұл көлемі және берешекті есептен шығару тәртібі толық нақтыланатын болады.
«Бұдан басқа әкімшілік рақымшылық шеңберінде жеке тұлғалардың орындалмаған айыппұлдарын толық немесе ішнара есептен шығару мәселесін қарау жоспарлануда. Мұндай адамдардың санаттары айыппұлдардың мөлшерімен есептен шығару тәртібі заң жобасын әзірлеу барысында уәкіллетті органдармен толық пысықталатын болады», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Бұл өзгеріске заңгерлер де пікірін білдірді. Олардың айтуынша, жаза қаншалықты қатал болса, қылмыс та соншалықты көбейе түседі. Сондықтан кешірім жасау арқылы мемлекет азаматтардың түзу жолға түсуіне мүмкіндік береді. Бұған қоса, бұл өзгеріс бизнес өкілдеріне де пайдасын тигізетінін жеткізді.
«Бизнес ұйымдар көп мөлшерде айыппұл төлеп жатады. Сол айыппұлдардың салдарынан жабылып та қалып жатады. Әр жабылған бизнес мемлекетке зиян. Сол себепті тағы да айта кетейін, бұл амнистияның пайдасы өте орасан», – деді заңгер Асқар Шарапатов.
Сондай-ақ мамандар бұл жаңашылдық көлік жүргізу куәлігінен айырылған азаматтар үшін де тиімді болуы мүмкін екенін айтып отыр.
«Мемлекетімізде 7 жылға жүргізуші куәліктерінен айырылғандар өте көп. Атсалысып, күтеміз. Тиісті заңнамалар енгізілетін шығар», – деді адвокат Нұрлан Жанабаев
Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов екі апта ішінде әкімшілік амнистияны іске асыруға қатысты нақты әрі жан-жақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Мәди Бижан, Нұрлан өтеген, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Есірткі қолданып, мас күйінде көлік тізгіндеген мемлекеттік қызметшілерге қандай төлем төленбейді