Көгершіндерге жем бермеңіз: қоғамдық орынды ластағандарға айыппұл салынады

15.07.2025 21:07

Қоғамдық орында құстарға жем беруге тыйым Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабында көрсетілген

Көгершіндерді тамақтандырамын деп, заң алдында жауап беріп жүрмеңіз! Енді қоғамдық орындарда құстарға жем шашып, нан қоқымын бергендерге 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 100 мың теңгеден астам айыппұл салу көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Заңгерлердің айтуынша, бұл – ауру таратудың алдын алып, көпшілік жиналатын жерлердің тазалығы үшін қолға алынған шара.

Панфилов саябағын көгершіндерсіз елестету мүмкін емес. Тіпті олар бұл жердің ажырамас бөлігіне айналғандай. Алайда мұндағы құстарға жем шашып, нан беріп жүрген тұрғындардың әрекеті заңбұзушылық болып табылады. Бір қарағанда айыбы жоқ боп көрінетін бұл әрекет үшін шамамен 105 мыңға дейін айыппұл салу көзделген.

 «Басқа мемлекеттерде тамақтандыра береді. Оған шектеу қойылмаған, қарастырылмаған. Бірақ елімізде қоғамдық жерде тамақтандырғаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық кодексімен айыппұл қарастырылған. Ол бірінші ескертуден кейін, 30 МРП салынды», – деді заңгер Алина Шынтаева.

Алайда бұл мәселеге қатысты көпшіліктің пікірі екіге бөлінді. Бірі – енгізілген айыппұл дұрыс десе, енді бірі құптамады.

БЛИЦ:

«Көшеге шашпаған дұрыс шығар, бір жағынан. Тамақ салу үшін арнайы орын жасап қою керек шығар. Нанды шашамыз, оны адамдар басады. Бұл – негізі қоғамдық орын. Сондықтан, шашпаған дұрыс деп ойлаймын»

«Оларға да тамақ беру керек қой.

«Балаларға жақсы еді. Айыппұлды онсыз да салып жатыр ғой, дұрыс емес»

«Дұрыс емес, қолдамаймын».

Айта кетейік, қоғамдық орында құстарға жем беруге тыйым Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабында көрсетілген. Заңға сәйкес, азаматтарға алдымен ескерту немесе 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 69 мың теңге айыппұл салу қарастырылған. Жағдай тағы қайталанса, салынатын сома 103 мың теңгеден асады.

Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Аптап ыстық: Шымкентте электр энергиясына шектеу қойылды