Көмір генерациясы: ұлттық жоба 20 наурызға дейін әзірленуі тиіс

16.02.2026 20:15

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде вице-министр мәлімдеді

Энергетика министрлігі елде көмір генерациясын дамытуға арналған ұлттық жобаны іске қоспақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде вице-министр мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жобаның негізгі құжаты 20 наурызға дейін әзірленуі тиіс. Жаңа бастама көмір арқылы электр энергиясын өндіру қуатын арттырумен қатар, саланы жаңғыртып, тиімділікті күшейтуге бағытталған. Қазіргі таңда электр энергиясына сұраныс өсіп келеді. Дегенмен басты назар заманауи технологияларды енгізіп, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға аударылады. Министрлік өкілі осы тұрғыдан экологиялық талаптар қатаң сақталатынын атап өтті.

«Оны 20 наурызға дейін әзірлеу керек, тапсырма бар. Нарықтың барлық қатысушысымен үлкен дөңгелек үстел өткіздік. Алдымызда тұрған міндеттерді белгіледік. Бұл – жоғары тиімді көмір генерациясын дамыту, қолданыстағы көздерді жаңғырту, көмір базасын кеңейту туралы мәселелер. Бұл ретте экологиялық фактор міндетті шарт болып отыр», – деді ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Министрлігі мәліметінше, өткен жылы елдегі энергетика саласында үлкен жөндеу жұмыстары атқарылған. Нақтырақ айтсақ, 17 мың шақырым электр желісі, 420 қосалқы станция және 323 шақырым жылу желісі жаңартылыпты. Соның нәтижесінде Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі рекордтық деңгейге жетіп, 17 мың мегаваттан асқан. Осы жұмыстардың арқасында жылу электр орталықтарының тозу деңгейі 64 пайыздан 61 пайызға дейін азайды. Биыл да жөндеу жалғасады. Жоспар бойынша тағы 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина жаңартылады.

Оқи отырыңыз: Алматы көктемгі су тасқыны мен қар көшкіні маусымына дайын