Құрттаған су ішіп отырмыз: тұрғындар тіршілік нәрінен тарығып отыр

Жергілікті тұрғындар ауыз суға төленетін ақыға қатысты наразылық білдірді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Қарасай ауданының халқы тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. Жандосов, Қайрат және Шалқар ауылдарының тұрғындары ішуге жарамсыз, құрты бар суды тұтынуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл бейнежазба осыдан 2 апта бұрын тұрғындардың ұялы телефонына түсірілген. Кадрдан су ішінде ирелеңдеп жүрген ұзын құртты байқауға болады. Қарасай ауданына қарасты 8 мыңнан астам халқы бар Жандосов ауылының тұрғындары ауыз судың онсыз да лай болып келетіні былай тұрсын, ішінен құрттар шығады деп шағым айтты. Тіпті кейбірі жеке қаражатына сүзгі де орнатыпты. Бірақ судың сапасы жақсара қоймаған.

«Суды ішу мүмкін емес. Бұл сүзгіден өткізіп, ішіп отырған су.  Ал фильтрсіз суды көрсеңіз, шошисыз. Қап-қара топырақ. Әкімшілікке бардық, айқай шығардық, жазатын жерлерге жаздық. Ешқандай көмек жоқ», – деді Жандосов ауылының тұрғыны Болат Нұрымбаев.

«Жаңбыр жауған кезде лай су ағады. Жоғары жақтан суды тоқтатады. Үш-төрт күн сусыз отырамыз. Барлық ауылды су таситын көлік қамтамасыз ете алмайды», – деді Жандосов ауылының тұрғыны Әлия Тұрғанбекқызы.

Жергілікті тұрғындар ауыз судың сапасына ғана емес, оған төленетін ақыға қатысты да наразылық білдірді. Олардың айтуынша, әр шаңырақ ай сайын 630 теңге төлейді. Бірақ ішетін таза суды дүкеннен сатып алуға мәжбүр. Соның салдарынан әр отбасының шығыны 20-30 мың теңгеге дейін жетеді.

Жандосов ауылындағы негізгі мәселе дәл осы жерден басталады. Таудан аққан Шамалған өзені екіге бөлініп, керектісі су қоймасына жиналады. Көпшілік сүзгі қондырғысы іс жүзінде жұмыс істемейтінін айтты. Заң бойынша бұл аумақта арнайы тосқауыл қойылып, беті жабылуы тиіс. Халық мұнда мал да су ішеді, қоқыс та төгіледі. Бұл жағдай экологияға ғана емес, адам денсалығына да зиянын тигізетінін айтып, алаңдап отыр.

«Шамалған өзенінің басына келдік. Бас жағында малдар жайылады. Олардың қиы жаңбыр жауғанда, қар ерігенде арыққа ағады. Осы арыққа барлығы араласып, трубамен ауылға қарай су барады. Тамақ та жасалады, бала да ішеді. Адамның ағзасына ең зиян нәрсе - таза емес су», – деді Жандосов ауылының тұрғыны Болат Нұрымбаев.

Ал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің дерегінше, мәселе мердігер компанияның салғырттығынан туындаған. Мекеме Қарасай ауданындағы 47 ауылдың 80 пайызын сумен қамтамасыз етуге міндеттелгенімен, келісімде көрсетілген талаптарды орындамаған. Соның кесірінен бірнеше елдімекен тіршілік нәрінен тарығып отыр. Қазір басқарма жаңа мердігерді тарту жұмыстарын бастап кетіпті. Мәселе қазанда нақты шешілмек.

«Жандосов ауылының су жүйесі резервуары бөлімнің балансында. Алдағы уақытта Жандосов ауылының су жүйесін Қарасай әкімдігіне қарасты «Таусамалы» қызмет шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына қазанның ортасына дейін өткіземіз», Қарасай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясының бас маманы Асылхан Өмірбек.

Көпшілік су жүйесі мемлекеттік бақылауға өткен соң, талай жылдан бері жыр болып келе жатқан мәселеге біржола нүкте қойылады деп сенеді.

Мәди Мәлік. Әлішер Ерғалиұлы, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Тариф құны өсті: Маңғыстауда кәріз суын тасымалдаушы кәсіпкерлер шешіммен келіспейді

Новости партнеров