Қыс-2025: Алматыда құтқарушылардың дайындығы пысықталды

Оқу-жаттығу жиынына 160-тан аса қызметкер, 50-ге жуық техника жұмылдырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматыда «Қыс-2025» деп аталатын оқу-жаттығу жиыны өтті. Бастама төтенше жағдайлардың алдын алып, құтқарушылардың дайындығын пысықтауға бағытталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сағат 9:00 шамасында Алматының ең ірі энергетикалық нысаны – бірінші жылу электр орталығының аумағында дабыл қағылды. Мамандар дайындаған сценарийге сүйенсек, дәнекерлеу жұмысы жүрген сәтте мазут сақтайтын көлемі 2 мың текше метр резервуарда өрт тұтанған. Кейін газ құбыры да бүлініп, қолайсыздық тудырыпты. Дегенмен бірден әрекетке көшкен сала қызметкерлері дер кезінде қауіптің бетін қайтарып, оқиғадан зардап шеккен екі азаматты құтқарып, тапсырманы мүдірмей орындап шықты.  ¤

 «Мазут цистернасы жанып кетті. Техникалар өртті өшірді. Оқу-жаттығудың мақсаты – дайындықты және де ТЭЦ қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру», – деді Жетісу ауданы ТЖБ бастығы Еркебұлан Қасенов.

Шымбұлақта да апатты жағдай тіркелді. Шартты түрде арқанжол тоқтап, ондаған адам биіктікте қалып қойды. Тұрғындардың тынысы тарылып, уақыт тоқтағандай көрінгенімен, байқағандарыңыздай, құтқарушылар жылдам әрекет етіп жатыр. Себебі мұндай жағдайда әр минут – адам өмірімен өлшенеді.

Мамандар аспалы жолдағы кабиналарда қалып қойған туристерді қауіпсіз жерге сәтті көшірді. Бірақ қыс мезгілінде болуы мүмкін апат түрі көп. Сол себепті, Алатаудың бөктерінде шеберлігін шыңдаған құтқарушылар қар көшкіні салдарынан жоғалған азаматтарды да іздестірді. Оларды иісшіл иттер мен тінтуір құрылғылардың көмегімен тапты. 

«Оқу-жаттығуға қойылған тапсырмалар толықтай орындалды. Адамдарды құтқарып, медициналық орталықтарға жібердік. Осы жерде Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары және де құтқару қызметі, сонымен қатар республикалық жедел жасақ құтқарушылары мен  Шымбұлақтың құтқарушылары бірлесе отырып, бір жұмысты атқарды», – деді  ТЖД бастығының бірінші орынбасары Бағдат Чайзада

Атап өтейік, оқу-жаттығу жиынына 160-тан аса қызметкер, 50-ге жуық техника жұмылдырылды. Барлық міндет толықтай орындалды. Сала мамандары үйлесімді іс атқарып, қысқы маусымдағы кез келген қауіп-қатерге дайын екенін көрсетті.

Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда аттарды қысқы кезеңге орналастыру мәселесі шешілді

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров