Қызылорда облысында дәрігерлерге 10 жыл бойы әлеуметтік төлем аударылмаған

Дау тудырған мәселе қалалық сотта қаралды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қызылорда облысында фтизиопульмонология орталығының мамандары 10 жыл бойы әлеуметтік аударымды ала алмай келген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соның салдарынан қызметкерлердің көбі заңда көрсетілген жеңілдіктен қағылып, дер кезінде зейнетке шыға алмай келген. Мұндағылар жылдар бойы туберкулезге шалдыққан науқастарға ем жүргізгендіктен, өздерінің де кез келген уақытта ауру жұқтыру қаупі бар. Сондықтан мамандардың ай сайынғы жалақысына 5 пайыз қосымша әлеуметтік төлем аударылып отыруы тиіс. Алайда 10 жыл бойы бұл талап ескерілмеген. Дау тудырған мәселе қалалық сотта қаралып, 54 қызметкерге әлеуметтік төлем төленетін болды.

"Талап қоюшылардың конституциялық құқығы шектелген. Жұқпалы аурумен ауыратын адамдармен жұмыс істейді. 2013 жылы Үкіметтің қаулысы бекітілген. Осыдай жағдайда жұмыс беруші жалақыға қосымша 5 пайыз төлеуге міндетті", – деді қалалық соттың судьясы Нұрлан Төлеш.

Заңға сәйкес, аса қауіпті қызметте жұмыс істейтін әйелдер - 51, ал ерлер - 58 жастан зейнетке шығуы тиіс. Енді аталмыш орталықтың кемі 40 маманы осы жеңілдікке іліге алады. Ал сот үкімімен өндіруге жолданған әлеуметтік төлемнің жалпы сомасы 40 млн теңгеден асты.

 Айта кетейік, үкім 1 айдың ішінде заңды күшіне енеді.

"Талап арыз толық қанағаттандырылды. 54 қызметкерге төленуі керек 5 пайыз, зейнетақысы, 10 пайыз өкіл шығындары өндірілді. Барлығын қосқанда 40 млн 252 мың теңге. Жауапкер өзінің кінәсін толығымен мойындап, осындай қортындыға келдік", – деді заңгер Азамат Марат.

Оқи отырыңыз: Жылжымалы медициналық кешен: Алматы облысында 17 адамнан қатерлі ісік анықталды

Новости партнеров