Әлемді алаңдатқан хантавирустың Қазақстанға таралу қаупі бар ма

Аурудың инкубациялық кезеңінен кейін алғашқы белгілері көбіне тұмауға ұқсайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлем жұртшылығын хантавирус індеті алаңдатып отыр. Оңтүстік Атлант мұхитындағы круиздік лайнерде вирус жұқтырғандар саны 11-ге жетіп, оның тоғызы зертханалық түрде расталды. Үш азамат көз жұмған. Мамандар анықтаған «Андес» штамының адамнан адамға жұғуы расталып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

1 сәуірде Аргентинаның Ушуайя қаласынан шыққан MV Hondius кемесі Кабо-Вердеге бағыт алған. Бортта 23 елден келген 149 саяхатшы ұзақ сапарға шығуды жоспарлаған еді. Алайда 10 сәуірде алғашқы науқас анықталып, көп ұзамай лайнерде көз жұмды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, тіркелген жағдайлардың жетеуінде хантавирус зертханалық түрде расталған. Үш адам қаза болды. Қалған науқастар дәрігерлердің бақылауында.

Мамандардың айтуынша, хантавирус – адамзатқа бұрыннан белгілі инфекция. Ол әлемнің түрлі аймақтарында, әсіресе кеміргіштер көп кездесетін өңірлерде тіркеледі екен. Бірақ оның «Андес» деп аталатын түрі ерекше қауіпті, себебі сирек жағдайда адамнан адамға жұғуы мүмкін.

«Бүгінде адамға жұғатын хантавирустың екі клиникалық түрі белгілі. Біріншісі – бүйрек синдромымен өтетін геморрагиялық қызба. Бұл ауру Азия мен Еуропа елдерінде жиі кездеседі. Алайда оны жұқтырған адамдар арасындағы өлім-жітім деңгейі салыстырмалы түрде төмен. Қазіргі бағалау бойынша көрсеткіш 0-15% аралығында. Ал екінші клиникалық түрі – кардиопульмоналды синдроммен өтетін хантавирус инфекциясы. Бұл форма аса қауіпті саналады, себебі науқастардың 50%-ға дейіні қайтыс болуы мүмкін», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.

Аурудың инкубациялық кезеңінен кейін алғашқы белгілері көбіне тұмауға ұқсайды. Атап айтқанда, дене қызуының 38-40°C-қа дейін көтерілуі, қатты бас ауруы, бұлшықет пен буындардың сырқырауы, қалтырау, әлсіздік, жүрек айну, кейде құсу. Дәрігерлердің дерегінше, хантавирустың кейбір ауыр түрлерінде өлім-жітім көрсеткіші 30–40 пайызға дейін жетуі мүмкін. Әзірше инфекцияға қарсы арнайы вакцина жоқ.

«Хантавирус – жаңадан пайда болған вирус емес. Сондықтан қазіргі таңда Алматы қаласында қосымша бақылау шараларын күшейту қажеттілігі туындап отырған жоқ. Себебі бұл инфекцияның туристер арқылы елге келу қаупі төмен. Өйткені вирустың негізгі тасымалдаушысы – кеміргіштер. Адамнан адамға жұғуы мүмкін деген ақпарат бар, алайда бұл тек ұзақ уақыт жақын қарым-қатынаста болған жағдайда ғана тіркеледі», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Жайдаркүл Отарбекова.¤

«Андес» штамы негізінен Оңтүстік Америкада таралғанымен, халықаралық қатынастың артуына байланысты сырттан келу қаупі бар. Осыған байланысты әуежайлар мен шекара бекеттерінде санитарлық бақылау күшейтілген. Жолаушылар термобақылау жүйелері арқылы тексерілуде. Сала мамандары қазір үрейленуге негіз жоқ екенін айтады. Хантавирус ауа арқылы тез тарайтын инфекцияларға жатпайды және адамнан адамға жұғуы сирек тіркеледі. Дегенмен, эпидемиологиялық ахуал тұрақты бақылауда.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Таразда жасөспірім жол апатына себеп болып, бір адам қаза тапты

Новости партнеров