МӘМС: жергілікті атқарушы органдар қандай науқастарға жарна төлейді

1 қаңтардан бастап дәрі-дәрмек алу тәртібі де жаңарады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылдың қаңтарынан бастап халықтың осал тобына кіретін және ресми табысы жоқ еңбекке қабілетті азаматтар МӘМС жүйесінде жергілікті атқарушы органдар төлейтін жарналар есебінен сақтандырылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Яғни, қаражатты әкімдік бөледі. Келер жылы елдегі 1 миллионнан аса адамның тегін көмек алуына жағдай жасалады. Олар дәрігерлердің кеңесін тыңдап, толық тексерістен өтіп, ем қабылдап, отаға қатысып, оңалту қызметін пайдалана алады. Бүгін осы өзгерістерді қала тұрғындарына түсіндіру мақсатында Алмалы ауданы әкімдігі сала мамандарымен бірлесе тұрғын үйлерді аралады. Көпке ақпарат айтып, қолдау көрсетті.

«Түрлі себептермен әлі күнге дейін сақтандыру мәртебесі жоқ отбасылар бар. Үй-үйді аралап жеке тұлғаларды анықтап жатырмыз. МӘМС жүйесіне қамтылмаған тұрғындардың әлеуметтік мәртебесін жедел анықтап, кеңес беріп, қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетіп жатырмыз», – деді Алмалы ауданы қоғамдық даму бөлімінің басшысы Индира Нұртаева

Осындай бастаманың нәтижесінде Алмалы ауданында 4 адам МӘМС жүйесіне қосылды. Тізім жасалып, 8 мыңға жуық адамның әлі сақтандырылмағаны да анықталды. Ал жалпы статистикаға сүйенсек, ел тұрғындарының 80 пайызынан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелген. Алайда 3,6 миллион адамның ешқандай мәртебе алмағаны анықталған. Сол себепті мамандар «жаңа ережелер көрсеткіште оң өзгеріс тудыруға мүмкіндік жасайды» дейді.

Атап өтейік, 1 қаңтардан бастап дәрі-дәрмек алу тәртібі де жаңарады.

«Диспансерлік учетта бұрын қант диабетімен тұратын, артериялық гипертензиямен тұратын науқастар болатын. Науқастар әлеуметтік маңызды аурулар санатынан МӘМС-ке ауыстырылды. Себебі 2026 жылдан бастап, дәрі-дәрмекті тек МӘМС төленген жағдайда ғана ала алады», – деді № 30 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Баян Әлкеева.

Оқи отырыңыз: Инклюзивті мәдениет: Алматыда "Жүректен жүрекке" фестивалі өтеді

Новости партнеров