Тауарларға ұлттық бірегей коды тегін енгізіледі

Берілетін NTIN кодының қолданылу мерзімі шектелмейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Келер жылдан бастап барлық сауда қатысушылары үшін міндетті болатын Ұлттық тауарлар каталогына 10 млн астам өнім енгізілген. Жаңа талапқа сай, Қазақстан аумағында сатылатын барлық отандық, импорттық тауарлар ішкі нарыққа арналған ұлттық бірегей NTIN коды арқылы белгіленуі тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мамандардың айтуынша, бұл талаптан тек түпкілікті өнім өндіруге қажет шикізат пен материалдар ғана босатылады. Ал ұлттық каталогтың өзі тауардың шыққан жерінен бастап, дүкен сөресіне жеткенге дейінгі бүкіл жолын қадағалауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйе ретінде іске қосылған. Жауаптылар бұл бастама нарықтағы ашықтықты арттырып, көлеңкелі айналымды азайтады деп отыр.

«Бір жүйеде тауар «күнбағыс майы» деп аталса, екінші жүйеде «өсімдік майы» деп жалпылама аталуы мүмкін, ал үшінші жүйеде «тазартылған күнбағыс майы» деген нақты атау қолданылуы ықтимал. Формалды түрде 3 түрлі тауар, бірақ іс жүзінде бір өнім. Мұндай бытыраңқылық қателіктерге, қайталуға, процестердің баяулауына және есеп жүргізудің қиындауына әкеп соқтырды. Ұлттық тауарлар каталогы кедергілерді толығымен жояды. Тауардың атауы, құрамы, сипаттамасы, өндірушісі туралы ақпаратты біріктіретін бірыңғай дереккөз құрылады», – деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов.

Ұлттық тауарлар каталогына өнімді тіркемегені үшін ешқандай әкімшілік жаза қарастырылмағанын да атап өткен жөн. Сондай-ақ кәсіпкерлер үшін тағы бір маңызды жайт каталогқа тіркелу толықтай тегін жүргізіледі. Ал берілетін NTIN кодының қолданылу мерзімі шектелмейді, яғни оны қайта жаңарту немесе ұзарту қажет болмайды.

Оқи отырыңыз: Қала келбеті: Алматылық ғалымдар тың жаңалық ашты

Новости партнеров