Мәслихат сайлауында бюллетеньдер төрт түсті болады
Сайлауға қатысу үшін 10 мың 971 кандидат тіркелген
Мәслихат депутаттарының сайлауын өткізуге шамамен 36 миллиард теңге бөлінеді. Мұндай ақпаратты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, бұл қаражаттың 70 пайызы жалақыға жұмсалады. Жалпы, сайлауға қатысу үшін 10 мың 971 кандидат тіркелген.
Сайлауалды үгіт науқаны кеше басталды. Ол 28 қараша күні түнгі 12:00-де аяқталады. Яғни, 28 қараша – «тыныштық күні». Бұл күні кез келген насихат түріне тыйым салынады. Сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялауға болмайды. Ал саяси партиялар мен кандидаттар өздерінің ресми интернет-сайттарында және әлеуметтік желідегі парақшаларында үгіт материалдарын арнайы келсімшарт жасамай-ақ жариялай алады.
«Үгіт материалдарына қатысты тыйымдар тізбесі кеңейтілді. Бұрынғыдай оларды Қазақстаннан тыс жерде дайындауға және жасырын үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Бұған қоса, енді басқа сайлау науқандарына арнап дайындалған материалдарды пайдалануға да жол берілмейді», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік
Сонымен қатар сайлаудағы бюллетеньдер төрт түсті болады. ОСК мүшесі Азамат Айманақұмов олардың үлгісін таныстырды. Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда партиялық тізім бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньдер – көгілдір, ал бірмандатты округтер бойынша – жасыл түсті болады. Облыстық маңызы бар қалаларда күлгін, ал аудандық мәслихат сайлауында қызғылт сары түсті парақтар пайдаланылады. Сондай-ақ олардың әрқайсысында «бәріне қарсымын» деген жол болады.
Ал партиялардың бюллетеньдегі орналасу реті жеребе арқылы анықталды. Партия өкілдері мемлекеттік тілдегі әліпби тәртібімен шақырылып, реттік нөмірі көрсетілген мөрленген конверттерді өздері таңдап алды. Нәтижесінде, тізімді «Ауыл» партиясы бастайды. Одан кейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстанның Халық партиясы, «Respublica», «Ақ жол», «Байтақ» партиясы орналасады. Тізімді «Әділет» партиясы түйіндейді.
«Саяси партиялар өздерінің партиялық тізімдерін барлық өңірде бірдей ұсынған жоқ. Осыған байланысты, жеребе нәтижесінде айқындалған кезектілік әр өңірде сол аймақта партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға ғана қатысты қолданылады. Егер белгілі бір саяси партия нақты бір өңірде партиялық тізімін ұсынбаған болса, оның атауы сол өңірдің сайлау бюллетеніне енгізілмейді. Оның орнына кезектілік бойынша келесі партияның атауы орналастырылады», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Оқи отырыңыз: Алматыда жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі кеңейтіледі