Мақсұт Жұмаев пен сарапшылар жастарға «Almaty SuperSki» жобасын таныстырды

Бұл - Орталық Азияда теңдесі жоқ ауқымды жоба

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Almaty SuperSki» — Орталық Азияда теңдесі жоқ ауқымды жоба. Бұл тек туристік инфрақұрылымды дамытумен ғана шектелмейді. Қала экономикасына айтарлықтай серпін беретін бұл жоба табиғатқа еш зиянын тигізбейді, сондай-ақ баршаға қолжетімді әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, дейді сала мамандары. Алматы жастарымен өткен кездесуде сарапшылар жобаның ұтымды тұстарына және тау кластерінің даму бағыттарына кеңінен тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанның әсем табиғаты мен мәдениетіне қызығатын шетелдіктердің саны жыл сайын артып келеді. Сырттан келген туристерді мегаполис пен оның таулы аймақтарынан жиі байқауға болады. Одан бөлек, отандастарымыз да соңғы жылдары Шымбұлақ, Ой-Қарағай сынды тау-шаңғы курорттарына жиі баратын болған. Демалыс орындарына деген сұраныстың күрт көбеюі көлік кептелісі, тұрақ тапшылығы және бағаның өсуі сияқты мәселелерді туындатуда. Осы түйінді шешу мақсатында  Алматы тау кластерін дамытатын ауқымды жоба жүзеге асырылуда.

«Алматы қаласында Медеу шатқалы мен Шымбұлақ демалыс орны халықтың сұранысын толық өтей алмай отыр. Бұл — ақиқат. Баға жағынан да қымбатшылық байқалады. Сондықтан балама ұсынатын осындай жобалардың қажеттілігі зор. Бұл салада сапалы бәсекелестік қалыптастырады. Мен бұл бастаманы қолдау себебім — осы», – деді Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ PHD докторы Мақсат Мамадияров.

Жастармен өткен кездесуге еліміздің мақтанышы, Еверестті үш рет бағындырған атақты альпинист Мақсұт Жұмаев та арнайы қатысты. Ол да ел үшін маңызы жоғары жобаның жүзеге асуына өз үлесін қосуда. Айтуынша, бұл әлемдегі мегаполиске ең жақын әрі қолайлы курорттардың бірі болмақ.

«Көкжайлау жобасының аумағында ешқандай жеке вилла немесе коттедж салынмайды. Екіншіден, бұл жердің жері мемлекеттік ұлттық парктің құрамында қалады, ешкімге жекеменшікке берілмейді. Аса қорғалатын мәртебесі өзгеріссіз сақталады», – деді «Kazakh Tourism Development» бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев.

Одан бөлек, құрылыс жүретін аумақтағы Қызыл кітапқа енген өсімдіктерге зақым келмейді. Тіпті Сиверс алмасының бір түбі де кесілмейді, дейді мамандар. Қазіргі таңда жобаның құрылысы қызу жүруде. Тендерді ұтқан франциялық компания 11 аспалы жолды орнату жұмыстарын атқаруда. Жоспар бойынша демалыс аймағы 2028 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Оқи отырыңыз: «Шағын және орта бизнес: Жаңа тау курорты қала экономикасына қалай әсер етеді