Маңғыстау облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға бөлінетін квота саны неге аз

Маңғыстау облысында жүйке жүйесі ауруларымен есепте тұрған 1627 бала оңалту кезегінде тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысында мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін оңалту қызметі мен ем-дом мәселесі өзекті болып тұр. Ата-аналардың айтуынша, республикалық орталықтарға бөлінетін квота саны тым аз. Салдарынан балалар қажетті емін уақытылы ала алмай, жылдап кезек күтеді. Мамандар да әр алты ай сайын жүргізілуі тиіс оңалту курстарына кейбірі үш-төрт жыл бойы қол жеткізе алмайды деп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Сандуғаш Шортанова — жалғызбасты ана. Аутизм диагнозы қойылған ұлын емдету үшін талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Айтуынша, мемлекеттен берілетін квотаға сегіз жыл ішінде бір-ақ рет қол жеткізген. Қазірдің өзінде баласының ем кезегін бірнеше жылдан бері күтіп жүр.

«Екі жасында тізімге жазылды, 6 жасында кезегі келді. Қазір балам 10 жаста, біз тағы да 4 жыл күтіп отырмыз. Кезек келген жоқ. Менен бұрын жағдайы өте нашар отбасындағы 3-4 баласы аутист балалар бар. Олар не істейді?» – деді Ақтау қаласының тұрғыны Сандуғаш Шортанова.

Қазір жолдама алған балаларды республика бойынша небәрі екі оңалту орталығы қабылдайды. Оның бірі – Астанадағы ұлттық орталық. Ол Маңғыстау облысына жылына 200 орын бөледі. Ал Алматыдағы «Балбұлақ» орталығына өңірден тек 56 бала ғана жіберіледі. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мамандары дергіне сай, өңірде аутизм диагнозымен тіркелген 286 жан бар. Демек, олардың аз ғана бөлігі жылына бір рет оңалту емін алуға мүмкіндік алады.

«Біздің тарапымыздан орын санын көбейту үшін орталыққа ресми хат жазылды. Әсіресе, Маңғыстау облысына өте аз орын бөлініп отыр. Бірақ хатқа ешқандай жауап келген жоқ», – деді Балаларға жоғарғы мамандандырылған медициналық көмекті ұйымдастыру маманы Дәмелі Молдашева.

Маңғыстау облысында жүйке жүйесі ауруларымен есепте тұрған 1627 бала оңалту кезегінде тұр. Алайда республикалық орталықтар өңірге жылына 250-ден астам квота бөледі. Соның салдарынан жүздеген бала қажетті емін ала алмай, жергілікті деңгейдегі шектеулі қызметпен ғана қамтылуға мәжбүр. Ата-аналар квота санын көбейтіп, балаларға қолжетімді әрі үздіксіз оңалту жүйесін жасауды талап етіп отыр.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысынан

Оқи отырыңыз: Балаларын аяусыз ұрып, денесін үтікпен күйдірген: Шымкентте қатыгез ана сотталды

Новости партнеров