Маңғыстауда екі мың жылдық тарихы бар Қарақабақ қалашығын зерттеу жалғасады

Қарақабақ ежелгі дәуірде халықаралық сауда мен қолөнердің ірі орталығы болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысында екі мың жылдық тарихы бар Қарақабақ қалашығына археологтар қайта оралады. Мамандар мамыр айының соңында қазба жұмыстарын жандандыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Ғалымдардың айтуынша, Қарақабақ ежелгі дәуірде халықаралық сауда мен қолөнердің ірі орталығы болған. Бұған осы аумақтан табылған Византия, Қытай, Парсы және Үндістан елдеріне тиесілі көне тиындар мен қыш бұйымдар дәлел.

Қарақабақ қалашығы Түпқараған ауданындағы Таушық ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан. Мұнда 2017 жылдан бері археологиялық зерттеулер үздіксіз жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде мамандар көне шаһар орнынан теңіз портының іздерін, қолөнершілер шеберханасын және сауда алаңдарын анықтаған. Табылған алтын, күміс, мыс тиындар мен түрлі мөрлер Қарақабақтың Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды сауда бекеті болғанын айғақтайды.

«Біз бұл жерден Византияға тиесілі қорғасыннан жасалған сауда мөрін, Қытайдың көне тиындарын және сирек кездесетін керамикалық бұйымдарды таптық. Бұл жәдігерлер қазақ даласында сол кезеңнің өзінде жоғары деңгейдегі өркениет пен халықаралық байланыс болғанын көрсетеді», – деді археолог Андрей Астафьев.

Археологтардың мәліметінше, осы уақытқа дейін Қарақабақ аумағынан 400-ге жуық тарихи жәдігер табылған. Бұл заттар көне заманда Каспий теңізі арқылы кемемен жеткізілген. Яғни Қарақабақ тек құрлықтағы емес, теңіз саудасындағы маңызды орталықтардың бірі болған.

«Рим ғалымы Клавдий Птолемейдің ІІ ғасырда жасаған Каспий теңізі картасында “Аспабота” деп көрсетілген қала осы Қарақабақ болуы мүмкін деген ғылыми болжам бар. Қалашықтың аумағы 12 шаршы шақырымды қамтиды. Сондықтан зерттеу жұмыстары бірнеше жылға жалғасады», – деді Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали.

Археологтар енді қазба аумағын кеңейтіп, жаңа нысандарды зерттеуді қолға алмақ. Алдағы уақытта мұнда ғылыми-археологиялық база мен ашық аспан астындағы музей салу жоспарда бар.

Мамандардың айтуынша, Қарақабақтың толық зерттелуі Маңғыстаудың ғана емес, тұтас Ұлы Жібек жолы тарихының тың беттерін ашуы мүмкін.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Халық табысын арттыру: Үкімет арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр

Новости партнеров