Мас күйде көлік басқарғандар енді жүргізуші куәлігін қайта алу емтиханына жіберілмейді

elements.envato.com
elements.envato.com

Сенат қарауындағы жаңа құжат қара жолдағы қауіпсіздікті сақтауға бағытталған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тәртіп тағы қатаңдайды. Бұдан былай көлікті мас күйінде басқарғандар 7-8 жыл бойы жүргізуші куәлігін қайта алуға емтихан тапсыра алмайды. Жолдағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған заң жобасын Сенат қарауға алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сенат қарауындағы жаңа құжат қара жолдағы қауіпсіздікті сақтауға бағытталған. Елде масаң күйде көлік жүргізетін жүргізушілер қаптап кетті. Сөзімізді Ішкі істер министрлігінің деректері растайды. Соңғы 6 айда Қазақстанда 45 жүргізуші темір торға қамалыпты. Айыбы сол – ащы суға тойып алып тізгінге отырған. Енді мұндай азаматтарға жүргізуші куәлігін алуға 7-8 жылға дейін тыйым салу көзделіп отыр.

«Бұдан былай көлікті мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылғандар жүргізуші куәлігін қайта алу үшін 7 немесе 8 жыл емтихан тапсыра алмайды. Бұл шара Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдарға қатысты болмақ. Заң жобасы жолдағы жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталып отыр. Мұнымен қоса, жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігі ескерілген», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Евгений Больгерт.

Жолдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қатаңдатуға Ішкі істер министрлігі де күш салмақ. Ведомство көліктердің қозғалысын қадағалауды көздейтін жалпылама нормаға өзгеріс енгізеді. Енді жол ережесінде «көліктің орташа жылдамдығы» деген ұғым пайда болады. Сол арқылы жүргізушінің жүріп өткен қашықтықтағы жылдамдығы тексеріледі. Ережені ескермеген жағдайда айппұл салынады.

«Заң жобасына енгізілетін өзгеріс жылдамдықты шектен асырып жіберуге байланысты жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл норма қала сыртындағы жолдарға қатысты енгізіледі. Көліктердің орташа жылдамдығын есептейтін құрылғы бірінші кезекте халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарға қойылады. Қазір Qazavtojol-дың ақылы автомобиль жолдарға орнатқан 94 аркасы бар. Біз соның 54-іне жылдамдық өлшеуіш құралдарын орнаттық», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.  

Мопедтердің де мәселесі ұмыт қалмады. Желмен жарысып ұйытқи жөнелетін бұл көлік түрін тізгіндейтіндер енді құрылғыны заңды тіркеуі керек. Олай болмаған жағдайда емін-еркін қолдана алмайды. Заң жобасын Сенат мақұлдады. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, бүгінде Қазақстанда 80 мыңнан аса мопед бар. «Олардың көптігі көшедегі апаттың санын көбейтпесе, азайтпай тұр» деді сенаторлар.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров