Петропавл маңындағы саяжай тұрғындары тіршілік нәрінен тарығып отыр

Тұрғындардың жергілікті билік өкілдеріне айтқан шағымы  нәтиже бермеген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавл маңындағы жүзден астам саяжай тұрғындары тіршілік нәрінен тарығып отыр. Сусыз қалған жұртшылық мәселе Тепличное ауылы маңындағы бөгетті нығайту жұмыстарынан кейін басталғанын айтады. Нақтырақ айтсақ, көктемгі тасқыннан қорғауға арналған құрылыс салдарынан желілер бүлініп, аумақта қоқыс үйіліп қалған, деп хабарлайды  Almaty.tv

Петропавл маңындағы жүзден астам саяжайға апаратын жолдың жағдайы сын көтермейді. Себебі өткелдерді су шайып, айнала құрылыс қалдықтарына толып қалған. Бұдан бөлек, бөгетті нығайту жұмыстары кезінде желілер зақымданып, салдарынан тұрғындар бірнеше күннен бері сусыз отыр.

Айта кетейік, құрылыс кезінде 18 саяжай сүрілген.

Трактор келіп, еш ескертусіз үйлерді бұза бастады. Бірнеше жыл бұрын қаржы жинап, құбыр сатып алып, арнайы желі тартқан едік. Соның арқасында халық сапалы ауыз суға қол жеткізген», – деді Саяжай қауымдастығының төрағасы Татьяна Сахарова

«Сусыз қалсақ, жер қурап кетеді. Егіннің бәрі жойылады. Мұнда жол, құдық, құбырлар болған. Әр көшеде суару жүйесі жұмыс істеп тұрды. Біз суды сол жерден тасып іштік. Енді не істерімізді білмей отырмыз», – деді саяжай тұрғыны Гүлсім Төренова.

Тұрғындардың жергілікті билік өкілдеріне айтқан шағымы әзірге нәтиже бермепті. Бұған дейін де тасқын кезінде саяжай халқы ұзақ уақыт жарықсыз қалып, мәселені өз күшімен шешкен.

«Қызылжар ауданының әкімі келді. Мәселені шешемін деп уәде етті. Алайда соған қарамастан, рұқсатсыз нысандарды бұзып, электр желілерін ажыратып кетті», – деді саяжай тұрғыны Сергей Ежов.

  Қазір тұрғындар жаңбыр суын жинап күнелтуге мәжбүр. Алайда оның өзі күнделікті қажеттілікке жетпейді. Әкімдік су құбырының зақымданғанын мойындағанымен, оны қалпына келтірудің нақты мерзімі әзірге белгісіз деп отыр.

«Мердігер компания су құбырын қайта қалпына келтіріп береді. Қазір мамандар желіні қай бағытпен тарту тиімді болатынын қарастырып жатыр. Сондай-ақ құбырды бөгет үстімен өткізу нұсқасы да талқылануда. Бұл бойынша техникалық кеңес жүргізіліп жатыр», –деді Қызылжар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Азат Ибраев.

Ал саяжай тұрғындарының талап-тілегі бір – қалалық су жүйесіне қосылу.

Мәди Мәлік, Пётр Акутионов, СҚО

Оқи отырыңыз:  Жамбыл облысында жеке сот орындаушысы өз өкілеттігін теріс пайдаланған

Новости партнеров