Мемлекет қажетіне алынады: Қостанайдағы саяжай тұрғындары баспананы әділ бағалауды талап етіп отыр
Саяжай төрағасының айтуынша, мұнда 170 жер телімі бар, 70 үйде тұрғындар жыл бойы тұрады
Қостанайдағы «Юбилейное» саяжайы жаңа тұрғын үйлердің дәл ортасында қалған. Әуелі мұндағы жер телімдерін жеке құрылыс компаниялары сатып ала бастапты. Ал енді қалған учаскелер мемлекет қажетіне алынбақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала аумағы саяжайға дейін жетіп, бау-бақшаға тақап қалған. Жер телімдерінің бір бөлігін құрылыс компаниясы сатып алған. Ал қалған учаскелер мемлекет қажетіне алынбақ. Өйткені бұл аумақта мектеп пен жол салу жоспарланып отыр. Елена Сачава саяжайда отбасымен бірге тұрады. Жанұя қалаға ауылдан көшіп келіпті. Оның айтуынша, бақшадан жиналған өнім күнделікті күнкөріске айтарлықтай көмек. Сондықтан жер телімінің мемлекет қажетіне алынатыны туралы жаңалық отбасы үшін ауыр соққы болған.
«Бізге 12 миллион теңге ұсынып отыр. Пәтер емес, 17,5 шаршы метрлік жатақхана бөлмесін бермек. Ал біздің жеріміз 8 соттық, үйіміздің көлемі 70-тен астам шаршы метр. Өте өкінішті. Біз баспанамыздың құны дұрыс бағаланып, соған сай қаражат берілгенін қалаймыз», – деді саяжай тұрғыны Елена Сачава.
Ал саяжай төрағасының айтуынша, мұнда шамамен 170 жер телімі бар, 70 үйде тұрғындар жыл бойы тұрады.
Айта кетейік, саяжайдағы кейбір учаскелер сүрілетін аумаққа кірмейді.
«Біздің учаскелерге тартылған электр желісі сүрілетін аумақтың астында қалады. Ал бұзылмайтын үйлерде тұрақты тұратындар да, жазғы уақытта ғана келетіндер де бар. Бұл жағдайда электрмен жабдықтау қалай болады? Бізге «бұл мәселені қарастырамыз» деді. Бірақ қашан, қалай және кім жүзеге асыратыны белгісіз. Бұл мәселені тікелей әкімдік қызметкерлері шешуі керек», – деді тұтынушы кооперативінің төрағасы Георгий Чеботов
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, барлығы 197 жер телімі мемлекет қажетіне алынатын аумаққа кіріп отыр. Айтуынша, шағынауданды кеңейтіп, инфрақұрылымды дамыту маңызды іс.
«Мектеп қажет. Өйткені шағынаудан үлкен. Салынып жатқан нысандарға әлеуметтік инфрақұрылым жетіспейді. Сондықтан мектеп салу туралы шешім қабылдап отырмыз. Жаңа жолдар да салуымыз қажет. Сол себепті жер телімдерін, оның ішінде өндірістік нысандар орналасқан учаскелерді де мемлекет қажетіне алуға тура келеді», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Төрт жыл бұрын да саяжай иелері жер телімдерін сот арқылы қорғап қалған. Кейін де үйлерін жеке құрылыс компаниясына сатпау үшін қарсылық танытып келген еді. Көпшілік бұл жолы да берілмейміз деп отыр. Егер әкімдік мүлікті бағалау тәсілін өзгертпесе, тұрғындар мәселені тағы сот арқылы шешуге мәжбүр болмақ.
Гүлмарал Изатқызы, Елисея Томашевская, Қостанай
Оқи отырыңыз: СҚО-да бірнеше көл кәсіпкерлерге пайдалануға берілмек