«Қазақтың қол өнері» атты көрме ұйымдастырылды
Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Қош келдің, әз Наурыз» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мерекелік концерттің ерекшелігі онда аталар мен әжелер өнер көрсетті. Белсенді ұзақ өмір орталығының зейнеткерлері би билеп, ән салып, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Қариялардың салауатты өмір салтын ұстанып, белсенді болуына жағдай жасаған орталықтың құрылғанына 4 жыл болған. Осы уақытқа дейін 10 мыңнан астам кісі тіркеліпті. Зейнет жасындағы адамдардан құралған хор мен би топтары халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанып үлгерген. Ал бүгінгі күннің ерекшелігі жаңадан құрылған аспаптық ансабль алғаш рет сахнаға шықты. Іс-шара аясында Наурыз мейрамына арналған «Қазақтың қол өнері» атты көрме өтті.
«Жобаның қатысушылары қартайған шағында қол қусырып қарап отырмай, өмірді қызықты әрі бақытты сәттерге толы етіп өткізуге болатынын көрсетеді. Егде жасқа келгенде де адам дамуын тоқтатпауы керек. Бұл – әсіресе жас ұрпаққа көрсетілген үлгі», – деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Сәуле Бекетаева.
«Наурыз мейрамы құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жастар бастаманы іліп алып кететініне сенемін!» – деді қала тұрғыны Гүлбаршын Қасенова.
Оқи отырыңыз: Наурызнама: қолөнер шеберлері заманауи үлгідегі ұлттық киімдерге сұраныс артқанын айтты