Референдумға дейін:
2
күн
18
сағат
30
минут

Олжас Бектенов салынып жатқан құрылысқа қатысты 63 мыңнан астам шағым түскенін айтты

Астанадағы заңсыз құрылысты нейро желі анықтайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өңір тұрғындары да қолжетімді баспанаға қол жеткізе алады. Ол үшін арнайы бағдарлама әзірленеді. Премьер-министр министрлер кабинетіне осындай міндет жүктеді. Одан бөлек, Олжас Бектенов жауаптыларға тұрғын үйлерді уақытында пайдалануға беруді, сондай-ақ олардың маңайында мектеп, балабақша, аурухана болуы керек деп баса айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Былтыр ел бойынша 20,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Үкіметте Премьерге осылай деп есеп берген Құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев «бұл – рекордтың көрсеткіш» деп отыр. Сөзінше, биылғы жоспары 18,5 миллион шаршы метр баспана салу. Егер Үкімет қосымша қолдау көрсетсе, Нағаспаев бұдан да көп үй салуға дайын отыр. Айтуынша, халыққа жеңілдетілген ипотекалық несие беру де күн тәртібінен түспеген.

«Сонымен қатар 14 мыңнан астам «кредиттік тұрғын үйлерді» салу мен сатып алуға 140 миллиард теңге бөлінді. Осы жылы да жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын сатып алу арқылы шамамен 11,5 мың кредиттік тұрғын үй салу мен сатып алуға 155 млрд теңге қаражат жұмсау және 18,2 мың жеңілдетілген ипотекалық несие беру жоспарлануда», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Биыл Қазақстан тұрғын үй компаниясының қолдауымен 700 миллиард теңгеге 30 мың пәтер салынды. Баспанаға мұқтаж 70 мыңнан астам жанұя «Отбасы» банк арқылы пәтерлі болады. Бұл туралы Бектеновке «Бәйтерек» холдингінің өкілі айтты.

«2026 жылы баспанаға мұқтаж 70 мыңнан астам отбасына «Отбасы» банктің барлық бағдарламалары бойынша жеңілдетілген ипотекалық кредит арқылы 1 триллион 630 миллиард теңге сомасына ипотекалық қарыз беру жоспарланып отыр. «Бәйтерек» холдингі 2026 жылы тұрғын үй құрылысына шамамен жалпы алғанда 2,4 триллион теңге қолдау көрсетпекші», – деді «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов.

Астанадағы заңсыз құрылысты нейро желі анықтайды. Әзірге бұл – пилоттық жоба. Үкімет басшысына есеп берген Жаслан Мәдиевтің айтуынша, цифрландыру нәтижесінде құрылыс саласының тиімділігі 46 пайыз артады.

 «Бүгінде құрылыс саласында 54 мемлекеттік қызмет көрсетіледі және барлығы онлайн форматта қолжетімді. Бұл азаматтар мен бизнес үшін қызмет алуды жеңілдетеді. Жылжымайтын мүлікке мекенжай беру, жобалауға арналған материалдарды ұсыну, нысандарды кәдеге жаратуға рұқсат беру және эскиздік жобаларды келісу бойынша қызметтер аса сұранысқа ие», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Баяндамашылардан кейін сөз алған Олжас Бектенов салынып жатқан үйлердің сапасына тоқталды. Сөзінше, өткен жылы құрылысқа қатысты 63 мыңнан астам шағым түскен. Сондықтан, салаға мемлекеттік бақылау күшейтілген. 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Құрылыс кодексі осындай олқылықтардың алдын алмақ.

«Мемлекеттік бақылау күшейтілді. Тексеруші органдарға жаңа құралдар, оның ішінде цифрлық технологиялардың кең ауқымы ұсынылды. Нысандарды қабылдап алу кезінде құрылысты бақылау органдары мен төтенше жағдайлар қызметтерінің міндетті түрде қатысу тетігі енгізілді. Бұл апаттар мен өрт қаупін азайтуға мүмкіндік береді», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Мемлекеттік бағдарламаларға жүктемені азайту үшін қолжетімді коммерциялық ипотеканы дамытып, санын көбейту қажет. Баспаналы болсам деген халықтың осал санатын қолдауға баса көңіл бөлінуі тиіс. Одан бөлек, өңірлердегі ағайынды үймен қамтамасыз ету үшін арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Бұл - Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауаптыларға жүктеген тапсырмасы.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: СІМ қазақстандықтарды 14 елге бармауға шақырды

Новости партнеров