Үкім оқылып жатқан сәтте айыпталушылардың жақындары сот залында шу шығарып, процестен шығарылды
Бүгін Алматыда 13 адамның өмірін жалмаған хостелдегі өрт ісіне нүкте қойылды. Сот шешімімен кәсіп иесі Әділбек Мұхамедияров кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал өрт қауіпсіздігі жүйесін орнатқан Александр Пекельник 4 жылға сотталды. Үкім оқылып жатқан сәтте айыпталушылардың жақындары сот залында шу шығарып, процестен шығарылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жұртшылық назарындағы іс 10 айға жуық Алмалы аудандық сотында қаралды. 2023 жылдың 30 қарашасында ALA Hostel-ден шыққан өртте қаза болған 13 адамның өліміне хостелдің иесі Әділбек Мұхамедияров кінәлі деп танылды. Ол жазасын 5 жыл қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару мекемесінде өтейді.
2024 жылдың наурызынан бері үйқамақта болған Мухамедияров сот залында қамауға алынды. Ал өртке қарсы дабыл құрылғысын орнатқан Александр Пекельникті 4 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шықты.
«Мұхамедияровтың бұл қылмысты жасаудағы кінәсі іс материалдарымен толық дәлелденді. Атап айтқанда өрт сөндірушілердің жауаптарымен және сараптама қорытындыларымен, басқа да материалдармен толық дәлелденді. Пекельник хостелға жалданған эмбратқа өртке қауіпсіз дабылқаққыш орнату кезінде заң талаптарын өрескел бұзған, даладағы адамдарды жалдап, сапасыз дабылқаққыш орнатқан», - деді судья Ернар Қасымбеков.
Соттың анықтамасына сәйкес, өрт тұтанғанда адамдардың жертөледен дер кезінде шыға алмауына дәлізге қойылған матрастар мен эвакуациялық жолдың жабық болуы себеп. «Бұл хостел иесінің қателігі» деп толықтырды судья.
Ал Александр Пекельник өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзып, құрылғыларды орнатуға кәсіби емес адамдарды жібергені анықталған. Үкім жарияланған сәтте залда отырған айыпталушылардың жақындары сот шешіміне наразылық білдірді.
«Мен бұл ауыр қылмысқа кінәлі емеспін. Мамандар да айтты. Ғимарат нысаналы мақсатын ауыстырып, хостел болғанда өрт сөндіру, дабыл сиренасы қайта қаралып, жаңадан жасалуы керек еді. Мен ол хостелде болған емеспін», - деді сотталушы Александр Пекельник.
Сот залында үкім оқылған соң жәбірленуші тарап өкілдері де шешімге қанағаттанбайтынын жеткізді. Өртте туған бауырынан айырылған Тәкен Қалдыбек 13 адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиға үшін тағайындалған жаза тым жеңіл деп есептейді.
«Бұл арада жалғыз менің ағам емес, қаншама ата-ана баласынан айырылды. Олардың орнын ешкім толтыра алмайды. Қайғысын ешкім бөлісе алмайды. 5 жыл мерзім өте аз деп есептеймін, өйткені 13 адам өлім құшты. Моральдық өтемақы ретінде 20 миллион теңге сұрадық, алайда соттың шешімі бойынша 7 миллион теңге берілетінін айтты. Бірақ біз енді апелляцияға береміз, өйткені 5 жыл мерзім өте аз», - деді жәбірленуші тарап Тәкен Қалдыбек.
Жәбірленуші тарап сотталушылардың әрқайсынан 20 мен 30 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап еткен. Судья айыпталушылардың табыс деңгейін және жәбірленушілер санын ескере отырып, өндірілетін залалдың сомасын 7 миллион теңгеге дейін азайтты. Процесс аяқталмай жатып сотталған азаматтардың туыстары үкіммен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында ауыл әкімі өз-өзіне қол салмақ болды