Тұтынушы құқығы: Алматыда 2 миллиард 854 миллион теңгеден астам шығын өтелген

Ұлттық тұтынушылар лигасы жылдық жұмысының қорытындысын шығарып, жаңа бастамаларын таныстырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері талқыланды. Ұлттық тұтынушылар лигасы жылдық жұмысының қорытындысын шығарып, жаңа бастамаларын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұйым мәліметінше, соңғы бір жылда азаматтардың өтініші бойынша 2 миллиард 854 миллион теңгеден астам шығын өтелген. Көбіне тұрғындар техника мен электроника, жиһаз және құрылыс материалдарына шағымданатын көрінеді.

«Көпшілік неше түрлі шағыммен заңға жүгініп жатады. Мәселен, тұтынушы теледидар сатып алады, ашып қараса сынған немесе іске жарамсыз. Оны өзіңіз сындырып алдыңыз ба әлде қызмет көрсетушінің қателігі ме? Қалай дәлелдейсіз? Сондықтан біз тұтынушыларға әрдайым затты ашар алдында бейнежазбаға немесе суретке түсіріп алуға кеңес береміз. Бейнежазба сот ісінде дәлел болып есептеледі және барлық қоғамдық орындарда, әсіресе үйіңізде заңды түрде рұқсат етілген», – деді  «Еуразиялық тұтынушылар одағы» ЗТБ төрағасы Светлана Романовская.

Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта тұтынушылардан «0 пайызбен» бөліп төлеу кезінде тауар бағасының жасырын қымбаттауы, жөндеу және жиһаз жасауға қатысты алаяқтық, сондай-ақ кейбір медициналық орталықтардың қызметіне байланысты шағымдар жиілеген. Бұл ретте нарықтың ашықтығын арттыру мақсатында арнайы цифрлық платформа да іске қосылған. Жиында тұтынушылардың құқығын қорғау саласын жетілдіруге бағытталған заңнамалық бастамалар да сөз болды. 

«Адамдардың және азаматтардың құқығы – басты құндылық. Соның ішінде әрине, тұтынушылардың құқығына да тікелей байланысты. Сондықтан құқығы мейілінше қорғалып, ол бұзылған жағдайда қайта қалпына келтіруге барлық мүмкіндік жасалады деп ойлаймын», – деді заңгер Нұржан Мақсатов.

Оқи отырыңыз: Оңалту орталығына кәмелетке толмаған жасөспірімдер жиі келеді - мамандар дабыл қақты

Новости партнеров