Жанкүйерлер үшін арнайы тегін жүретін 25 автобус берілген
«Қайрат» пен «Олимпиакос» арасында өтетін кездесуге санаулы уақыт қалды. Бұл матчта қос команда да Чемпиондар лигасындағы алғашқы жеңістерін тіркеу үшін барын салатыны сөзсіз, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еске салайық, тартысты кездесу ауа райының қолайсыздығына байланысты «Астана арена» стадионында өтеді. Осы арқылы елордалықтар араға 10 жыл салып Чемпиондар лигасының атмосферасын қайта сезінбек.
Чемпиондар лигасы Астанаға қайта оралды. Елордалықтар салқын ауа райына қарамастан «Қайрат» командасын қолдаусыз қалдырмай, бүгінгі матчқа ағыла жиналуда. Тіпті Павлодар, Қарағанды, Көкшетау сынды қалалардан арнайы келген азаматтар бар. Алматылықтар да маңызды матчта командалары үшін арнайы сапарлатып жеткен.
«Қайратқа жеңіске жету үшін жанкүйерлік етеміз. Бүгін Дастан Сәтпаев алаңға шықпайды, десекте қорғаушылымыз Александр Мартынович оралды. Сол себепті ойын тартысты өтеді деп ойлаймын. «Олимпиакос» оңай шағылатын жаңғақ емес. «Қайрат» енді 3 ұпай үшін барын салады. «Астана Арена» оларды жеңіске жетелейді. «Қайрат» алға!» – деді жанкүйер Мұратбек Махатов.
«Олимпиакос» алдында «Реал Мадридпен» ойнапты. «Реалдың» өзіне үш гол соғыпты. «Қайраттан» жеңіс күтеміз!» – деді жанкүйер Әлішер Аркенов
Бұл ойынды испандық маман Хуан Мартинес бастаған төрешілер тобы қадағалайды. Тартысты кездесу қос команда үшін турнирлік кестедегі жағдайды жақсарту үшін де маңызды. Десе де қарсылас осал емес Грекияның 48 дүркін чемпионы екенін айта кетейік. Сонымен қатар Уефа Конференция лигасының 2023-24 жылғы жеңімпазы атанған. Алқұрамы 120 млн еуроны құрайды. Десе де біздің жігіттер бұл матчта 3 ұпайға алуға барын салатындарын жеткізді. Сарапшыларда Қайраттың жеңіске жетуіне мүмкіндік бар деп отыр.
«Уефа Чемпиондар лигасының матчы кез келген командаға қиын болады. «Қайрат» командасы өз алаңында ойнайды. Бірақ Алматыда емес дегенмен «Астана аренада» алматылықтар қолдаусыз қалмайтыны сөзсіз. Соған қарамастан жігіттер ертең барын салып, Чемпиондар лигасының алғашқы жеңісіне қол жеткізуге барын салады», – деді ҚФФ баспасөз қызметкері Сейіл Қожатай.
Жанкүйерлер үшін арнайы тегін жүретін 25 автобус берілген. Олар қаланың 5 бағытынан жанкүйерлерді стадионға алып келеді. Қауіпсіздік шаралары да басты назарда. Қоғамдық тәртіпті қорғау үшін шамамен 2800 полиция қызметкері жұмылдырылады.
Айта кетейік, түсте «Қайрат» пен «Олимпаикос» жастары кездесіп алматылықтар 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Енді осы жемісті жолды ағалары да жалғайды деген ниеттеміз.
Оқи отырыңыз: Чемпиондар лигасы: алматылық «Қайрат» Грекияның «Олимпиакосына» қарсы сынға түседі