Пиротехника: отшашуды пайдаланғанда нені білу керек

Тәртіп сақшылары мен төтеншеліктер қауіпсіздік шараларын күшейтті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл сайын жаңа жыл мерекесі қарсаңында орта есеппен 15 өрт оқиғасы тіркеледі. Оның 15 пайызы пиротехникалық заттарды дұрыс қолданбаудың салдарынан болады. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Руслан Қасеновтың сөзінше, кейінгі 5 жылда мереке кезінде 68 өрт шығып, солардың 10-ы отшашудың кесірінен тұтанған. Сондықтан тәртіп сақшылары мен төтеншеліктер қауіпсіздік шараларын күшейту үшін 5 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында «Пиротехника» атты жедел-профилактикалық іс-шара жүргізіп жатыр.

«Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мереке қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр. Осы уақытқа дейін 120 түсіндірме жұмысы өтіп, соның барысында бұйымдарды сақтау мен пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді. Халықты ақпараттандыру үшін сауда үйлерінің ЛЭД-экрандарында, көпшілік орындарда бейнероликтер көрсетілді.  Алматының барлық мектебі мен балабақшасында сынып сағаты мен сабақтар ұйымдастырылып жатыр», – деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Руслан Қасенов.

Жиын барысында қала тұрғындары мен қонақтарына пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы мамандандырылған дүкендерден сатып алып, олардың қаптамасының бүтіндігі мен жарамдылық мерзімін мұқият тексеру керек екенін ескертілді. Мамандардың айтуынша, отшашуды жылу және ылғалдан алыс, құрғақ әрі қауіпсіз жерде сақтау қажет. Сонымен қатар оны тұтатқан кезде үстінен еңкейіп қарауға, қатты жел соғып тұрған жағдайда пайдалануға, сондай-ақ жанбай қалған білтені қайта тұтатуға қатаң тыйым салынады.

 «3 желтоқсаннан бастап профилактикалық жұмыстар басталды. Қазіргі таңда Жетісу мен Медеу аудандарында жүргізілді. Болашақта басқа да аудандарда жүргізіліп, күшейтілетін болады. Яғни рейдте заңсыз сатылып жатқан тауарларды анықталады. Оған қоса, профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Яғни халыққа қалай пиротехникалық заттарды сақтау, қолдану туралы түсіндіріп жатырмыз», – деді ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Жандар Дулат.

Оқи отырыңыз: Алматыда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 40 пайыз төмендеді

Новости партнеров