Полиция қоғамдық орында бетті тұмшалап жүруге тыйым салынатынын ескертеді

02.08.2025 12:38

Бұл жұмыс құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін жүргізіле бермек

polisia.kz

Алматыда полиция қоғамдық орындарда бетті тұмшалауға тыйым салу туралы нормаларды түсіндіруде, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыда полиция қызметкерлері, қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім түрлерін киюге тыйым салу жөніндегі заңнамадағы жаңалықтарды түсіндіру жұмысын жалғастыруда. Бұл жұмыс құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында жүргізіліп жатыр.

Алматы қаласы жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаевтың айтуынша, енгізілген жаңалықтардың басты мақсаты – қоғамдық орындарда тұлғаны жылдам әрі нақты анықтауға мүмкіндік жасау. Бұл құқықбұзушылықтардың алдын алу және оларды ашуда аса маңызды.

— Тыйым тек бетті толық жабатын киімге қатысты: мысалы, балаклава, бетперде немесе никаб. Заңда ақылға қонымды ерекшеліктер де қарастырылған: бұл ауа райына, денсаулық жағдайына, қызметтік міндеттерді орындауға және бұқаралық іс-шараларға қатысуға байланысты жағдайлар, – деді Серік Шумаев.

Полиция түсіндіру жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Барлық қабылданып жатқан шаралар қолданыстағы заңнамаға толық сәйкес жүргізіліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде ар-ождан және діни сенім бостандығын сақтау талаптарына сай жүзеге асырылып жатыр.

Оқи отырыңыз: Тараздық әйел жалған құжатпен мемлекеттен пәтер алған