Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өзін экономикалық тергеу қызметінің қызметкері ретінде таныстырған адамның заңсыз әрекетінің жолын кесті, — деп хабарлайды Almaty.tv ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылдың қыркүйегінде азамат өзін ЭТД (ДЭР) қызметкерімін деп таныстырып, жергілікті компаниялардың бірінің басшысын алдау арқылы 25 млн теңгесін иемденгені анықталды.
Қаражат медициналық мекемені тексеріс жоспарланған нысандар тізімінен шығарып беруге көмектесу сылтауымен алынған. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақ болуға, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруге және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның ұлттық құрамасы Балқан математика олимпиадасына қатысады