Баланы күтіп-бағу барысында оған шала туған нәрестелердің ретинопатиясы диагнозы қойылған
Шымкентте шала туған шақалақтың көзіне күрделі ота жасалды. Небәрі 650 грамм салмақпен туылған нәрестеге жасалған жоғары технологиялық операция сәтті өтіп, сәби туа бітті көз ауруынан толық айықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Экстремалды төмен салмақта дүниеге келген Аишаға «Шала туғандар ретинопатиясы» деген диагноз қойылған. Бұл дертті дер кезінде емдемесе, нәресте көру қабілетінен айырылуы мүмкін. Осыны уайымдаған ана жүрегі сәбиінің тіпті, аман қаларына да сенбепті.
«Басында сенбедім, шынымды айтсам. Адам болып кетеді деп ойламадым. Кішкентай алақанмен бірдей болды ғой қызым. Көрген сайын жылап кіріп, жылап шығамыз», – деді қала тұрғыны Айгүл Боймұрынова.
Аиша 3 ай бойы дәрігерлердің қатаң бақылауында болған. Осы кезеңде нәрестеге ерекше күтім жасалып, қамқорлық көрсетілген. Осының арқасында сәбидің салмағы 2500 келіге дейін жетіпті.
«6 айлық шақалақ туылды. Бала іште өсуі керек еді, ерте туылғандықтан ауруханада өсірдік. Сол 9 ай мерзімге жетіп, өздігінен тамақтануы керек. Дәрігерлердің көмегімен күтім жасалынып, салмағы 2,4 кг көбейді, анасы үйде күтім жасай алатын жағдайға жеткендіктен шығарылды», – деді № 2 қалалық аурухананың бас дәрігері Беркін Тұрқұлов.
Айта кетейік, бұған дейін мұндай күрделі оталар тек республикалық деңгейдегі орталықтарда жүргізілетін. Қазір барлық босану үйінде медициналық көмектің үшінші деңгейі енгізіліп, шала туған нәрестелерді аман алып қалудың заманауи әдістері қолданылып жүр. Биыл Шымкентте мерзімінен бұрын туған 3 нәрестеге ретинопатияға қарсы ота жасалып, оң нәтиже берген.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков
Оқи отырыңыз: Алматылық онколог сүт безі қатерлі ісігінің алғашқы белгілері туралы айтты