Экология департаменті қаладағы жағымсыз иіс туралы шағымдардың жиілеп кеткенін жоққа шығармады
Шымкент аспанын қалың тұман басып, қала халқы көк түтіннің ішінде демігіп отыр. Оған қоса, ауаға жайылған жағымсыз иіс жұрттың мазасын әбден қашырған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шымкентте қаптаған қою түтін кей ғимараттарды көзден ғайып қылып, айнала сұрғылт тұманға батқан. Оған ауадағы мүңкіген жағымсыз иіс қосылып, ахуалды тіпті ушықтырып тұр. Бірі мұны газ десе, енді бірі күкірттің иісі деп үрейленіп отыр.
«Енді 2-3 күннің шамасында терезені ашу мүмкін болмады. Бір сасық иіс келіп, ауа лас, көзім қышып окулистке бардым. Окулист «ауадағы лас заттардың әсері» екенін айтты», – деді қала тұрғыны Шынар Оразова.
«Иісі жаман, білмеймін түсініксіз. Машинадан шыққан қалдық емес, жөтелесің. Бетперде тағу керек па, білмеймін? Көк түтін көзіңді ашытады», – деді қала тұрғыны Бақтияр Атамұратов.
Экология департаменті қаладағы жағымсыз иіс туралы шағымдардың жиілеп кеткенін жоққа шығармады. Мамандар арыз бойынша ауа сапасын да тексерген. Мәселен, күні кеше бірнеше ауданнан көміртек оксиді мен азот диоксиді деңгейінің жоғарылағаны анықталған. Дегенмен, экологтар бұл көрсеткіш рұқсат етілген шектен аспағанын айтты.
«Кейде ауаның ластану деңгейі шынында да көбейеді. Бірақ бекітілген шектен асқан емес. Мәселен, әдетте көміртек оксидінің деңгейі 0,5-0,7 болса, кеше ол 4,5 шамасында болды. Ал рұқсат етілген шек - 5 миллиграмм», – деді қалалық Экология департаментінің бас маманы Светлана Фадеева.
Ал қала әкімдігі атмосфералық жағдайдың нашарлауына тұрғындардың өзін кінәлап отыр. Себебі күзгі жапырақтарды өртеп жатқандар көбейіпті-міс. Оған қоса мегаполисте көлік санының артуы да ауаны одан сайын ластап жатыр. Сондықтан шаһардағы экологиялық жағдай алдағы уақытта да ушығуы мүмкін.
«Жеке секторларда құрғақ шөпті, күзгі жапырақтарды өрттейді. Негізі дұрыс емес. Табиғат айналым механизмі сияқты ғой. Қара топыраққа айналуы үшін өсімдіктердің жапырағы жерге түсіп, шіруі керек», – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Ауаны ең көп ластайтын ірі кәсіпорындар екені жасырын емес. Жауаптылар қаладағы өндіріс орындарын үнемі қадағалап отырғанын айтты. Биыл 29 тексеру жүргізіліп, 38 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Сонымен қатар экологиялық талапқа бағынбаған 4 кәсіпорынның жұмысы уақытша тоқтаған.
Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен
Оқи отырыңыз: Ваучер неге тоқтап тұр: ақтаулық кәсіпкерлер билік өкілдерінен көмек сұрады