Мамандардың мәліметінше, Алматыға қарбыз бен қауын негізінен Түркістан мен Алматы облыстарынан жеткізіледі
Алматы облысында қарбыз бен қауын жинау науқаны қызды. Диқандар егістіктен піскен өнімді күн сайын тонналап жинап алып, Алматы мен еліміздің өзге өңірлеріне жөнелтіп жатыр. Биыл бақша дақылдарының түсімі мол болады деген болжам бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Дастан Үмбетов 10 жылдан бері қарбыз өсірумен айналысады. Биыл ол 32 гектар жерге бақша дақылдарын еккен. Қазір алқаптағы жұмыс қызу. Піскен қарбыз таңсәріден жиналып, тәулігіне шамамен 100 тонна өнім өңірлерге жөнелтіледі.
«Бір гектардан 35-40 тоннаға дейін өнім алып жатырмыз. Биыл бағасы да дұрыс. Төртінші сорғы стансасы жұмыс істемей тұр. Егер істесе, 10 есе артық өнім егуге болатын еді. Судың тапшылығынан аздан егіп жатырмыз», – деді шаруа Дастан Үмбетов.
Ал Алматы облысындағы Шеңгелді алқабы бақша дақылдарын өсіруге қолайлы аймақтардың бірі саналады. Биыл мұнда қарбыз бен қауынға 400 гектар жер бөлінген. Мамандар әр гектардан орта есеппен 40 тоннаға жуық өнім жинайды. Осы маусым бойы Алматыға шамамен 12 мың тонна қарбыз жеткізу жоспарланып отыр.
«Өнім саудаға шығарылмас бұрын тиісті сертификат алынып, фитосанитариялық тексеруден өтеді. Зертханада пестицидтер мен нитраттардың мөлшері анықталады. Барлығы талапқа сай болған жағдайда шаруашылыққа тиісті құжаттар беріледі», – деді Қонаев қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асқар Ибраимов.
Мамандардың мәліметінше, Алматыға қарбыз бен қауын негізінен Түркістан мен Алматы облыстарынан жеткізіледі. Сауда сөресіне түспес бұрын әр дақыл бақылаудан өтеді. Қазір қала тұрғындары бақша өнімдерін базарлар мен жәрмеңкелерден сатып ала алады.
«Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері қаланың бес ауданында – Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу және Жетісу аудандарында ұйымдастырылып жатыр. Қала басшылығының тапсырмасына сәйкес, олардың санын арттыру және жәрмеңкелер өтетін аумақтарды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы бөлімінің басшысы Рахымжан Әріпжанов.
Ал қаладағы бақша өнімдері көп сатылатын орындардың бірі – Көк базар. Мегаполистің бұл сауда орнында қарбыздың келісі 150-180 теңгеден сатылса, қауынның бағасы шамамен 350 теңгеден басталады. Ал сатып алушыны тарту үшін әр саудагер әртүрлі тәсіл ұсынуда.
«Алдымен қарбызды кесіп, сатып алушыға дәмін татқызып көремін. Ұнаса, сатып алады. Негізінен адам өнімнің дәмін көріп, содан кейін таңдағаны дұрыс», – деді сатушы Табакал Шарипов.
Мамандар биыл бақша өнімдері мол болады деп отыр. Сондықтан сауда сөрелерінде қарбыз бен қауын тапшылығы болмайды деген болжам бар. Диқандар алқаптағы өнімді жинауды жалғастырса, тұрғындарға піскен қарбыз бен хош иісті қауынның тәуірін таңдау ғана қалады.
Мәди Мәлік. Маржан Манапова, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Алматыда демалыс күндері өтетін жәрмеңкелерге келуші саны артты