Шерзат Болаттың өлімі: тағы бір күдікті ұсталды

18.10.2024 16:03

Тергеу барысы Ішкі істер министрінің бақылауына алынған 

elements.envato.com

Талғарда бір топ адамның қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне қатысты тағы бір күдікті ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«17 қазанда кәмелетке толмаған Ш. Полатты өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу барысында тағы бір күдікті – К. есімді азамат ұсталды.

Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралар кешені жүргізу жалғасуда», - делінген ПД хабарламасында.

Тергеу барысы Ішкі істер министрінің бақылауына алынған.

Еске салайық, Алматы облысында 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Қайғылы оқиға 3 қазанға қараған түні Талғардағы «Қамажай» азық-түлік дүкенінде болған. Қару мен пышақ қолданылған салдарынан Шерзат қайтыс болды. Аталған дерек бойынша бастапқыда 7, кейіннен тағы 3 күдікті қамауға алынғаны хабарланды.

Ал 12 қазанға қараған түні белгісіз біреулер өлтірілген жасөспірімнің туыстарына тиесілі үйді өртеп жіберген. Қазір полицейлер марқұмның отбасын тәулік бойы күзетіп отыр.  

Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов 12 қазанға қараған түні үйінің қасақана өртенуінен кейін бейнежазба жариялады.

Алматы облысының әкімдігі өрттен кейін отбасына үйін қалпына келтіруге көмектесетінін мәлімдеді. Оқиға орнына Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов барды.

ҚР Бас прокуратурасы жасөспірімнің отбасы тұратын үйдің өртеніп кету дерегінен кейін ресми мәлімдеме жасады.

Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында жол апатынан 6 шетелдік азамат қаза тапты